"Рухани жаңғыру" институтында "тыңдайтын мемлекет" концепциясы талқыланды

Dalanews 16 июн. 2020 13:22 719

Қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырған «Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту: Ақпараттық ашықтықтағы жаңа мүмкіндіктер» атты онлайн пікірталас алаңында сарапшылар әлеуметтік қорғау саласында «тыңдайтын мемлекет» концепциясын жүзеге асыру бойынша қоғамдық бақылаудың төрт механизмін ұсынды.

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ төрағасы Кемелбек Ойшыбаев еліміздегі қазіргі жағдайды ескере отырып, «тыңдайтын мемлекет» механизмін егжей-тегжейлі жетілдірудің қажет екенін атап өтті.

«Көптеген елдерде мемлекет пен халық арасындағы байланыстың басты көрсеткіші ретінде ақпараттың қолжетімділігі қарастырылады. Бұл тұрғыда мемлекет басшылығы қоғам алдындағы ашықтықтың қажеттілігін барынша түсінеді және сөзбен ғана емес, іспен де дәлелдеп жатыр. Сондықтан, ҚҚДИ әлеуметтік маңызды бағыттар бойынша пікірталас алаңын циклді түрде ұйымдастырып келеді. Сарапшылардың барлық ұсынысы халық пен мемлекет арасындағы байланысты одан әрі күшейту жолындағы механизмдерді жетілдіру үшін пайдаланылады, - деді Кемелбек Ойшыбаев.

Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту бағытындағы ақпарат ашықтығы бойынша өз пікірін «КазЮрКонсалтинг» ЖШС серіктесі Ерлан Бұзырбаев ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Оның айтуынша, бүгінде «ашықтық» жайында көңіл бөлуді қажет ететін мәселелер баршылық. Бұл, әсіресе, жекелеген санаттағы азамататтарға әлеуметтік қызметтер көрсету мәселелеріне қатысты.

Мемлекеттің транспаренттілігін арттыруда сарапшы қоғамдық бақылаудың мына механизмдерін енгізуді ұсынды: қоғамдық мониторинг, қоғамдық тексеріс, қоғамдық сарап және қоғамдық пікірталас.

«Бұл механизмдер қазірдің өзінде тиімді жүзеге асып жатыр. Енді қазір бастысы – ортақ жүйені ретке келтіруіміз керек. Бұл қадам мемлекеттік мекемелерге халықпен тікелей кері байланыс орнатуға керемет мүмкіндік болар еді», - деп түйіндеді Бұзырбаев.

Сонымен қатар, пікірталасқа қоғам қайраткері Айгүл Соловьева, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдері, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар мен сарапшылар қатысты.

ҚҚДИ – қазақстандық қоғамдық даму институты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Латын әліпбиіне көшу», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «100 жаңа оқулық», «Қазақстанның 100 жаңа есімі» деген арнайы бағдарламаларын нәтижелі түрде жүзеге асыру мақсатында құрылған.

Рекомендовать
Последние новости