Руслан Берденов сотқа келуге міндеттелді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық туралы іс бойынша алдын ала отырыс өтті.
Сот отырысында судья Абинұр Қарабаев Руслан Берденовті 6 тамызға жоспарланған негізгі сот процесіне міндетті түрде қатысуға шақырды.
Айта кетейік, Руслан Берденов алдын ала тыңдауға өзі келмеген. Оның өкілі Берденовтің қазіргі уақытта ем қабылдап жатқанын мәлімдеді.
Бұл іс бойынша басты күдікті - Ернар Жиембай. Ашық форматта өткен алдын ала тыңдау кезінде судья Жиембайдың сот процесі барысында өзін түсіруге қарсы екенін жеткізді.
Әкімдік маңындағы атыс туралы
21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды. Полиция мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.