Ресей Қазақстанда АЭС салу жөніндегі халықаралық консорциумға қосылуға дайын - Лавров

Қаракөз Амантай 07 нояб. 2024 16:20 2849

Ресейдің Сыртқы істер министрі Лавров Астанаға жұмыс сапарымен келді. Бүгін ол ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен келіссөздер жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ресей Сыртқы істер министрінің екі күндік жұмыс сапары 6-7 қарашада өтеді.

Бүгінгі кездесуде Лавров Ресей Қазақстанда бірінші атом электр станциясын салу жөніндегі халықаралық консорциумға қатысуға дайын екенін мәлімдеді.

"Ресей көмектесумен ғана шектелмей, АЭС құрылысына қатысты ұсыныстарын да  дайындап қойды. Біз Қазақстанда өткен референдумды мұқият бақылап, президент Тоқаевтың атом энергетикасын дамыту жоспарларына қолдау көрсеттік. "Росатом" осы мәселеде қазақстандық достарымызбен бірлесіп жұмыс істеуге толық дайын. Сондай-ақ басқа мемлекеттердің тиісті агенттіктерімен және құрылымдарымен ынтымақтасуға ашықпыз", – деді Лавров.

Айта кетейік, 2 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. 

Референдум бойынша дауыс беру 6 қазанда сайлау учаскелерінде сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтті. Бұл ретте 80-нен аса учаске өз жұмысын 06:00-де бастады. Республика бойынша дауыс беруге арналған 10 000-нан аса учаске құрылды.

Шетелде Сеул мен Токиода учаскелер бірінші ашылды.

АЭС салуды дауыс бергендердің 71,12 пайызы қолдады. Референдумға дауыс беру тізіміне 12,3 миллионға жуық қазақстандық енгізілген.

Бұған дейін Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысында Қазақстан АЭС құрылысы үшін халықаралық консорциум құру мәселесін пысықтап жатқанын мәлімдеген еді.

“Біздің еліміз ядролық отын циклі аяқталған дерлік әлемдегі ең ірі уран өндіруші саналады. Өздеріңіз де білетіндей, жақында өткен жалпыұлттық референдумда Қазақстанда алғашқы атом электр станциясының құрылысы мақұлданды. Бұл біздің энергетикалық қауіпсіздігімізге ұзақ мерзімді инвестиция саналады. Қазіргі уақытта біз осы жоба үшін халықаралық консорциум құру мәселесін пысықтап жатырмыз”, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан ықтимал технология жеткізушісі ретінде төрт компанияны қарастырып жатыр. Олар, ресейлік "Росатом", Қытайдың CNNC, Кореяның KHNP және Францияның EDF компаниялары.


Рекомендовать
Последние новости