Референдумды қолдаушы штабтары саяси науқаннан кейін де жұмыс істеуі мүмкін

Dalanews 01 июн. 2022 15:38 925

Референдумды қолдаушы штабтардың жұмысын саяси науқан өткеннен кейін де жалғастыру қажет, олар конституциялық заңдарды қабылдау ісіне атсалысуы тиіс. Кеше Өскеменде өткен референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі республикалық штаб өкілдерінің өңір жұртшылығымен кездесуінде осындай ұсыныс айтыты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Басқосуға Қарағанды облысы, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мәслихаттарының депутаттары, қоғамдық штабтарының мүшелері де қатысты.

– Біздің штаб мəслихат депутаттарының бастамасымен құрылған. Мүшелеріміз жер-жерде түрлі топтарға үгіт-насихат жүргізіп келеді. Бұған дейін елдің оңтүстік, солтүстік, батыс өңірінде жұртпен осындай көшпелі кездесулер өткізіп, конституциялық реформаны талқылап, ұсыныс-пікірлерін жазып алдық, – деді өз жұмыстары жөнінде баяндаған республикалық штаб төрағасы Төлеубек Мұқашев.

Облыстық мәслихат хатшысы Денис Рыпаков депутаттардың Конституцияға түзетулерді бұқараға жүйелі түсіндіріп жүргенін жеткізді. Оның айтуынша, ауқымды, маңызды өзгерістер жете ұғындыруды қажет етеді.

– Мұндай тағдыршешті өзгерістерді бүкіл ел болып қабылдау дұрыс болды. Егер жоба мақұлданса, мәслихат депутаттарының өкілеттігі де артып, әрқайсымызға зор жауапкершілік жүктелмек. Біздің депутаттар бұған әзір. Әділетті Қазақстан үшін бәріміз бір кісідей дауыс берейік! – деді ол.


Республикалық кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев елдегі 17 мыңға жуық бастаушы ұйым реформаларды түсіндіруге қатысқанын алға тартты. Олар БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерде 2 мыңнан астам материал жариялаған.

– Ата Заңға өзгерістер енгізу – демократияландырудың алғашқы қадамы. Екінші кезекте 20-дан астам Конституциялық заң түзетіледі, бұған бір жылдай уақыт кетеді. Бізге Конституциялық соттың құрылуы тиімді. Ата Заңға қайшы заң нормалары бойынша бұрын Мәжіліс арқылы Конституциялық кеңеске жүгінетінбіз. Енді тіке сот дәрежесіне көтерілген органға шығамыз. Бұл саладағы мәселелерді жедел шешуге септеседі, – дейді Нұрлан Сүйлейменұлы.

Референдумды қолдау жөнінідегі облыстық штаб төрағасы Олег Чернышов конституциялық реформаларды төрт кезеңге бөлді. Алғашқысы – Президенттің Ата Заңға енетін түзетулерді референдумға шығару туралы шешім қабылдауы. Екіншісі – жер-жерде референдумды қолдау штабтарының құрылуы. Айталық, Шығыс Қазақстандағы штаб 1600 іс-шара өткізіп, 200 мыңдай адамға насихат жүргізген. Облыста 600-ден астам ақпараттық баннер ілінген. 370 мың данамен Didar, «Рудный Алтай» газеттерінің референдумға арналған арнайы шығарылымы жарық көрді. Ол материалдар барлық дерлік аудандық газетте басылды. Үшіншіcі – референдум, сол күні түсіндіру жұмысының нәтижесін көреміз.

– Төртінші кезең – заң шығару. Қабылданатын заңдар сапалы болуы шарт. Ол үшін көп көмек тигізе алатын қазіргі штабтарды сақтаған жөн. Тұрғындар талабын білеміз, заң қабылдарда олар толық ескерілуі тиіс, – деді ол.


Ұсынысты Төлеубек Мұқашев қолдап, бастамаға өзге өңірлердегі әріптестер де қарсы болмасын жеткізді.

Облыстағы прокуратура органдары ардагерлер кеңесінің жетекшісі Ғазиз Найзабаев Ата Заңға өзгерістер енгізу заман талабы, қоғам сұранысы екенін атап, азаматтар құқығы қатаң қорғаларына сенім білдірді. Өйткені, Негізгі заңға Конституциялық сот, Адам құқығы жөніндегі уәкіл институттары енбек.

Бесқарағай аудандық референдумды қолдау штабының төрағасы Ерболат Рахметуллин, Алтай аудандық мәслихатының хатшысы Лариса Гречушникова өңірлердегі референдумға дайындық барысын баяндады. Өзара пікір алмасқан қатысушылар тұрғындарды саяси науқанға бір кісідей қатысуға үндеді.

Рекомендовать
Последние новости