«Қырғыздың айрнаны неге арзан?». Қымбатшылық Смайлов Үкіметінің қауқарсыздығын көрсетті

Dalanews 02 июн. 2022 02:31 1288

Референдумды аман-есен өткізіп алсақ, Әлихан Смайылов Үкіметі отставкаға кетуі керек. Қымбатшылық пен инфляцияны еңсере алмауда. Апта сайын министрлер кабинетін жинап алып, қағаздағы есеп-қисаптарын сапырудан арыға аса алмай отыр. Президент тапсырмасынан кейін біраз тыпырлап, жұмыс істегендей болды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің де қарқыны басылып қалған. Өйткені азық-түлік бағасы күн сайын қымбаттап жатыр.

Қыздарымның тәтті айран ішетін әдеті бар еді. Бұрын 400 теңгенің айналасында тұратын. Қазір 680 теңгеге көтеріліп кетті. Өз елімізде шығатын сүт өнімдері неліктен қымбаттап жатқанын түсіне алмадым.

Петропавлдан шығатын сүт те шарықтап барады. Доллардың көтерілуі мен санкция әсер етпейтін кәсіпорындар құлқынның қамын ойлайтын сияқты... Ал оларды бақылап, бағаны тұрақтандыратын ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі не қарап отырғанын бір Құдай білер?!

Мүмкін Украинадағы соғыс пен алдағы саяси науқанды уайымдаған сиырлар сүт бермей қалған шығар?


Мәминнің заманында да қолынан іс келмейтінін көрсеткен ескі де жаңа үкімет отставкаға кетуі тиіс. Өткендегі қымбатшылыққа  доллар әсер етті деп еді. Енді не сылтау айтар екен?

Есі дұрыс елдер ғарышқа ұмтылып жатқанда біздің супермаркетте қантқа таласып қырылып жатқанымыздың өзі ұят.

Био кефир деген тәтті айран Қырғызстанда шығады. Майлылығы аз, дәмі жақсы. Бағасы 510 теңге тұрады. Алматыға 200 шақырым жердегі Бішкектен тасымалданады.

Ал 50 шақырымдағы Есік қаласынан шығатын Фудмастердің айраны 680 теңгеден сатылуда. Әлемдегі геосаяси жағдай, доллар дегендер Қырғыздарға да әсер етіп жатқан шығар? Бірақ бағаларын қымбаттатпай ұстап тұр.


Ал біздің қомағайлар тасымалға шығын шықпаса да айранның бағасын аспандатып жіберген. Сондықтан сырттан келетін порошок, картон қағазы қымбат деген тек сылтау сияқты. Бар гәп кәсіпкерлердің ашкөздігі мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қауқарсыздығында...

Диас Нұрақын, журналист. 



Рекомендовать
Последние новости