Райымбек Сейтметов театрында жаңа қойылымның тұсауы кесілді

Жарбол Кентұлы 05 нояб. 2024 09:57 1439

Бүгін Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрында жаңа қойылымның тұсауы кесілді. Премьераны тамашалауға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, зиялы қауым өкілдері және қала тұрғындары мен қонақтары тамашалады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жан пида» қойылымын «Құрмет» орденінің иегері, Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, Атырау жастар театрының көркемдік жетекшісі Мұқанғали Томановтың сахналаған.

Режиссердің айтуынша қойылымның басты мақсаты әр адамды табиғат әлемін сақтауды бүгіннен бастап қолға алуға және жер бетіндегі барлық тіршілік үшін тек өзі ғана жауапты екендігін есінен шығармай, осы парызын орындауға міндеттейді.

Рухани әлемі мен мәдени өмірі таяқтың екі ұшындай егіз жаратылған қазақ-қырғыз халықтарының сабақтастығын нығайта түскендей XX ғасырдың орта шенінде «Адамзаттың Шыңғысы» атанған – жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері, Қырғызстанның халық жазушысы Айтматовтың «Жан пида» романы әдебиет көгінде ерекше құбылыс боп бой көтерді. Шығармада Шыңғыстың стиль жаңғырығы алдымен табиғат пен адам баласының арақатынасынан байқалады.

«Ақыл иесі» деп аталатын адам мен жабайы, ойлау жүйесі төмен деп бағаланатын аң-құс, жан-жануардың ара салмағы авторлық таразыға түседі. Романда адам мен табиғат арасындағы қатынас Аққұртқа мен Тасшайнарды төңіректеп суреттеледі. Мойынқұм даласынан жапа шегіп, Ала-Мөңгі баурайына ауып келген кірме қасқырлар бұл маңнан да опа таппады. Қиянат қияннан келген жоқ, адамның ізі қалай пайда болды, сол маңда зұлымдық шіркін салтанат құра бастады. Осы арқылы автор адамның табиғатқа жасайтын жауыздығы мен зор қиянатшылдығын әшкерелегендей болады.

Қойылымда жабайы түз тағысы мен өркениетті дәуірдегі адамзаттың ойлау жүйесі, мейірім-шапағаты қос тізгінге қатар жегіледі. Көрермен мисыз мақұлықтар бұзбаған табиғат заңдылығын екі аяқты, жұмыр басты пенденің аштықтан емес, тоқтықтан, адами құндылықтардың құлдырап, төменшік тартқанынан бұзып отырғанына көз жеткізді.

Режиссер Мұқанғали Томанов аталған театрда бұған дейін «Болмаған оқиға», «Жалғыздық» қойылымдарын сахналаған болатын. Басты рөлдерді Аяз Ильясов, Шәкен Амантұров, Гүлзада Айтбаева, Нұржан Ізтаев, Кәмшат Әштекова, Бағлан Төлендиев, Жасұлан Тұрғанбаев, Жадыра Сейдахметова сынды театрдың белді әртістері мен көпшілік сахнаны бір топ шығармашылық топ сомдады.

«Жан пида» спектаклін қоюға  көптеген тәжірибелі мамандар атсалысты. Жарық жөніндегі суретшісі – Жанболат Рсимбетов,  қоюшы суретші – Қанат Шериев, композиторы – Қанат Жұмабаев, костюм жөніндегі суретші – Меруерт Сейсембекова, грим бойынша суретші – Қарлығаш Сапарханова. Театрдың көркемдік жетекшісі – Айдар Наурызбаев.

 


Рекомендовать
Последние новости