Саудагерлер

Жарбол Кентұлы 18 сент. 2024 11:49 1875

Жақында ауыл орталығынан базар ашылып, бір дорба күнбағыстың дәнін алып Ертай атасы екеуі алғашқы рет ауыл базарына сауда жасауға шықты. Жұрттың бәрі түрлі затын базарға арқалап келіп, саудалап жатты.

Әдемі жылтыраған түрлі кәмпиттер Ертайдың көзін қарықтырды. Ертай мен атасы да шемішке толған дорбасының аузын ашып шеткірек бір бұрышқа жайғасты. Екеуі базарға шығуға бет алғанда әжесі «Шекілдеуіктің стақанын 100 теңгеден сатарсыңдар» деп бірнеше рет қайталап айтқан болатын. Олар осылайша біраз тұрғаннан кейін бір әйел келіп бір стақан шекілдеуік сатып алды. Бірақ әйгі әйел:

– Стақандарыңыз кішкентай екен. 100 теңгеге алғаш шекілдеуігіміз осы ғана болды, – деді жаратпай. Ертай атасына қарады. Атасы бірдеңе бүлдіріп қойғандай қипақтап:

– Үйден алып шыққан стақанымыз осы еді. Ертайжан, әпкеңе тағы біреуін салып жіберші  – деп ақталғандай болды. Бұдан кейін әлгі әйел қалтасын шекілдеуікке толтырып өз жөнімен кетті.

Бір кезде Ертаймен бірге оқитын қалқанқұлақ Серік келе қалмасы бар ма?  Ауыл адамдары бір-біріне жақсы таныс қой.

– Мынау әлгі Ерденнің немересі ме? Кел, келе ғой, шекілдеуік ал, – деп атасы бір тиын алмастан оның екі қалтасын толтыра шекуілдеуік салып берді. Серіктің екі езуі екі құлағына жетіп, мәз болып кете барды.

– Е, Ертайжан, Ерден деген жігіттін төресі еді ғой. Қолында барды кісіден аямайтын. Ашаршылық жылдары үйінен талай дәм татып едік, – деді атасы. Атасының көңілшектігінен, ауылдағылардың бәрі танитындығының кесірінен түске жетпей-ақ дорбаның түбі көрінді. Ертайдың қалтасында бар болғаны 1000 теңге ғана түсті. Бұдан соң, екеуі үйге қайтты. Атасының ойында түк жок, өзінен-өзі мәз болып келе жатыр.

– Ой, Ертайжан, несін айтасың, көптен үйден шықпап едім! Бүгін бір керемет күн болды. Базарға күнде келейік. Шекілдеуік сатайық, – деп қояды. Екі саудагердің сауда жайын естіген апасы:

– Шіркін! Саудагер болғандарыңа! – деп сылқ-сылқ күлді.


Рекомендовать
Последние новости