Әсерлі сыйлық (әңгіме)

Нұрлан Жұмахан 26 сент. 2024 10:48 662

Әсел өзінен бірнеше үлкен жас туыс әпкесі Жаннаның туған күнін тойлауға шақырту алған күннен бастап мазасы кете бастады. Әселдің ерекше толқуының өзіндік себебі бар. Өйткені, ол өмірінде алғаш рет туған күн тойына шақырту алып отыр.

Бұған дейін ол ата-анасымен талай туған күн кешіне қатысып, дастарханда самсап тұрған тәттілерді жеп, сусындарынды ішіп қайтқаны есінде. Ал бұл жолы... ол ата-анасын ертпей, өзі жеке той тойлауға барамақшы... Барлық жауапкершілік... өзіне түсейін деп тұр.

Әрине, туған күн кеші өтетін балаларға арналған дәмханаға мұны әкесі жеткізіп, қайтарда алып кетуге уәдесін берді.

Мұндайда ол қалай толқымасын... Ертең құрбылары Әлия, Айна, Боталармен қатар отырып, туған күн кешіне жайылған дастарханынан тәтілерден дәм тататын болады. Бота өткенде бұлардың үйіне келіп, туған күн кешінде би билеп, жұртты мәз-майрам қылған еді. Кәдімгі кинодағы қыздардай денесін бұралаңдатып, аяқ-қолын сәнімен қозғап билейгені әлі есінде. Әсіресе, мойнын бұраңдатып, қолдарын әсем бір иіп билегені кісінің көзін қызықтырды.

Сол кезде дастархан басында отырғандардың бәрі орындарынан тік тұрып, Ботаның биіне қатты қол соғып, қошемет көрсеткен-ді. Ал Әлия болса, ағылшын тілінде ән салып үйіне келгендердің бәрін таңырқалдырған болатын. Айтпақшы, Әлия Лондонда ағылшынша мектепте оқыған. Сондықтан ол өзі оқыған елдің тілін жақсы меңгеріп алған болатын.

Әсел де мектепте жүріп біраз әнді жаттап алған болатын. Бірақ ол сол әндерді көпшілік ортада айтуға жүрегі дауаламай-ақ қойғаны...

Өзімен ойнап, жүрген құрбыларының ән салып, би билегенін көргенде Әсел де өзінің бұйығы мінезін жеңіп, мектепте апайы үйреткен әнді айтып, биді билеудің ешқандай сөкеттігі жоқ екенін сол кезде түсінген болатын.

Бірақ апасы ән айт дегенде қымысына бергені есінде. Осылайша ол ән айтып, би билеуді кейінге қалдырған болатын. Апасы мен әкесі мұны қатты қыстамады.

Әсел осы жолы туған күн кешінде құрбыларымен бірге ән айтып, би билеуге тас-түйін бекінді. Қашанғы би билеп, ән салудан ұялып жүреді.  

Сондықтан жан құрбысының туған күн кешінде ән айтып, би билеп кешті көңілді өткізу керек емес пе? Оны қандай сөкеттігі бар?

Әсел үйдегі кітаптарды ақтарып, туған күн кешіне арналған екі-үш шумақ өлеңді де жаттап алуға бекінді. Ол әкесі жинап жүрген кітаптардың арасынан біраз өлең кітаптарды таңдап алып, ішінен өзіне ұнаған бірнеше өлеңдерді таңдап алды. Осылайша ән мен бидің мәселесін шешкендей болды.  

Енді тағы бір мәселе бар. Туған күн иесіне сыйлықсыз қалай барады? Әкесі мен шешесінен Жаннаның туған күніне барушы едім, бір нәрсе сатып алайын деп ақша сұраудан ұялды.

Енді Әсел туған күн кешіне тойға не сыйлық апаруы керек, сонымен бас қатыра бастады. Өзінің туған күніне құрбысы Фрида өз қолымен тіккен кесте сыйлағаны есіне түсті. Фарида кестесінде раушан гүлі бейнелеген еді. Әселдің кереуетінің басында құрбысы тіккен кесте әлі күнге дейін ілулі тұр. Әлгі кесте Әсел үшін аяулы затқа айналғаны қашан?.. Фарида кестенің бұрышына «сүйікті құрбым Әсел, туған күннің құтты болсын!» деген сөзді кестелеп жазған болатын.

Әсел Фарида секілді кесте тіге алмайды. Бірақ суретті жақсы салады. Сурет сабағында ұдайы бестік баға алып, ұстазынан талай рет мақтау естіген болатын.

Ол жан құрбысы Жаннаға өз қолынан шыққан бір керемет дүние ұсынуды жөн санап, сурет салуға арналған ақ қағазы мен қарындаштарын алып, сабақ оқитын үстеліне отырды.

Әсел аппақ қағаздың бетіне сурет сала бастады. Алдымен айдың суретін салды. Кәдімгі қара аспанды жарқыратып тұрған Ай. Аппақ, әдемі – Ай. Оған қағаз бетіне салған Айға жан бітіп, жарқырап кеткендей көрінді... Ол ішінен бұл Ай Жанна әпкесі деп ойлады. Енді қасына екінші Айды салды. Екінші Айды бірінші Айға қарағанда кішірек қылып салды. Әсел мұны өзі деп елестетті. Өйткені, Жанна әпкесі қара аспанда жалғыз өзі болса іші пысып, зерігуі мүмкін ғой. Әсел сол себепті қасында мен болуым керек шешті.

Әсел өзі салған суретке көз тоқтатып тағы бір рет қарағанда үлкен Ай кіші Айды біртүрлі есіркеп, еркелетіп тұрғандай көрінді. Осылайша Әсел өзі салған суретте терең мағына жатқан байқап, риза болды.

Егер Жанна әпкесі «Ай біреу-ақ болмай ма, екінші Айды қайдан таптың?» десе «үлкен Ай болғанда, оның қасында неге кіші Ай болмайды» деп суреттің терең мағанасын түсіндіріп беруді де ойластырып қойды.

Әсел әдемі ойдың жетегінде отырып, Жанна әпкесіне сыйлайтын суретін қалай тез салып тастағанын өзі де байқамай қалды. Бұдан кейін Әсел өз қолымен салған әдемі суретін шағын рамаға салып, артына картон қағазбен бекітіп, суретті қабырғаға ілуге дайындап қойды.

Сол күні Әсел өзіне қатты риза болды. Апасынан ақша сұрап, сауда орынынан қандайда бір сыйлық сатып алып, Жаннаға сыйлай салуға болар еді. Бірақ дәл ондай сыйлықты Жаннаның өзге құрбылары да сыйлауы мүмкін ғой. Ал адам қолынан шыққан сыйлықты ешкім қайталай алмайды. Расында да, Әселдің суретті бар ынта-ықыласын салып салғанын кімде болса бірден байқар еді.   

Туған күн болатын күні Әсел ақ желбірі бар әдемі көйлегін киіп алып, бөлмесіндегі айнаның алдына келіп бірнеше рет шыр айналып қарады.  Арасында күнібұрын дайындап қойған суретіне де көз салып қояды. Туған күн кешінде айтатын өлеңін де әлденеше рет қайталап, әбден дайындалды.

Сағат тілі 11-ге келгенде ол қолына сыйлығын алып, әкесінің көлігімен туған күн кеші өтетін кафеге келіп жетті. Ішке кіргенде туған күнге өзі секілді тұлымшағы желбірегін біраз қыз жиналғанын байқады. Араларында таныс қыздар көп.

Бәрінің қолында қорапқа ораған сыйлықтары бар. Әсел де өзі салған суретін жылтыр қағазға әдемілеп орап, алқызыл лентамен ортасынан байлап алған еді. Жанна мұны айрықша қуанышпен қарсы алды. Екеуі шұрқырасып кездескен соң, Жанна Әселдің қолынан жетектеп өзіне жақын үстелдің басына әкеліп отырғызды.

Жаннаның апасы әдемі дастарханды жайнатып салып тастапты. Жеміс, сусын, түрлі жемістер самсап тұр. Дастарханға қараған сайын тәбетің ашылады. Дастарханның басында үлкен торт жайғасыпты. Торттың бетінде 10 шырақ тұр. Бұл – Жаннаның 10 жасқа келгенін әйгілеп тұрғаны анық.

Жұрттың бәрі жиналғаннан кейін Жаннаның құрбылары жаппай дастарханға келіп отыра бастады. Бұлар дастарханға отырған сәтте даяшы балаларды сүйікті асы «Пепперони» пиццасын әкеліп ортаға қойды. Туған күн кешіне жиналған қыздар ортаға қойылған пицца тілік-тілік жей бастады. Пицца өте дәмі екен. Бұдан кейін қыздар тәтті сусындарды ішіп, шөлін қандырды. Осы аралықта Жаннаның апасы:

– Қане қыздар, Жаннаға жақсы тілектеріңді айта отырыңдар! – деп ұсыныс тастады. Бірақ кеш жаңа басталып, қыздар бір-біріне енді ғана үйренісе бастаған соң, ешкім тілек айту үшін ортаға суырылып шықққан жоқ.

Дәл сол сәтте Әсел өзінің туыс әпкесі Жаннаны бірінші болып құттықтап, өз қолымен салып келген суретін тапсыруды жөн екенін сезініп, тілек айту үшін орнынан тұрды.

Туған күн кешіне жиналған қыздардың бәрі сілтідей тынып, Әселге қарады. Әсел осы аралықта жұрттың назары өзіне ауғанын сезіп, сәл аңтарылып қалғанын сезді. Бірақ ойы мен бойын тез жинап алып, әпкесі Жаннаға жүрекжарды лебізін айтып, туған күн кешіне арналған өлеңін оқып бергенде Жаннының қатты қуанып, орынынан атып тұрып келіп, Әселді құшақтап, ақылды сіңлісінің бетінен сүйді.

Бұдан кейін Әсел өзі салып келген суретінің сыртындағы орауын шешіп, екі әдемі Ай бейнеленген картинаны әпкесіне ұсынды. Сол сәтте Әселдің суретте не айтпақ болған ойын Жанна да айтқызбай түсініп, қатты риза болды. Әсел өзінің ойын жақсы түсінген әпкесіне риза болды. Жанна Әселдің салған суретін өзгелерге көрсетіп тұрып:

– Енді бұл сыйлықты бөлмемнің ең көрнекті жеріне іліп қоямын. Қыздар, мұнда екі ай бейнеленгенін байқадыңдар ма? Бұл Әсел екеуміз. Өйткені Әсел екеуміздің жұбымыз жазылмайды. Жазыға демалыста ауылға да бір бардық, – деп Жанна өзге құрбыларына суреттің мағанасын түсіндіріп берді. Өзге қыздар да Әселдің суретті керемет салғанын айтып, таңдайларын қағысты.

Әсел ашып берген туған күн кеші өте көңілді өтті.

Әселден кейін Жаннаның өзге құрбылары да туған күн иесіне жақсы тілектерін арнап, сыйлықтарын табыстады. Біраз уақыттан кейін туған күн кешіне жиналған кішкентай қонақтарға аниматорлар қосылып, кеш одан сайын қыза түсті. Қыздар түрлі ойындар ойнап, уақыттың қалай өткенін де аңғармай қалды.

Әсел бұл жолы бұйығы мінез танытпай, би билеп, түрлі ойындарға белсене қатысып, мәз-майрам болды. Ол алдағы туған күн кештерінде де осылай көңілді жүруге бекінді.


Рекомендовать
Последние новости