Rainman Алматыны тазарту жобасының мерзімін атады

Сағыныш Сардарова 14 нояб. 2024 10:26 3664

Қазақстандық өнертапқыш Алтай Айнабек Алматыны тазартуға арналған жобасының мерзімін атады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ғалым бұған дейін Аралға жаңбыр жауғызу жобасын жүзеге асырды. Оның сөзінше, жұмыстарының өңірлерге тиген әсерін білу үшін Түркістан облысының шаруаларымен кездескен.
"Биыл Түркістанда бидай 20-25 центнерден рекордтық өнім берді. Соңғы жылдары өсімдіктерді ауру етіп қырып бара жатқан құрғаған Аралдан тараған тұзды уы бұрынғыдай жайылмай, ағаштар қайта тірілді, көкөністерімізге дәріні аз берсек те өнім мол болды, деп ырзалығын айтып "шапандарын" жапты", - деді ол әлеуметтік желіде.
Алтай Айнабек Алматы жобасы үшін тынымсыз жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
"Енді Алматының ауасын тазарту революциялық жобамыздың сәтті шығуына шыр-пыр болып жүрміз. Осы жылдың 20.11 нен 15.04.2025 дейін миллиондаған адамның көзінше Алматы қаласының ауасының тазалықты қамтамасыз етіп отыру керек", - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін де Аралға қолдан жаңбыр жауғызып, "Rainman" атанған қазақстандық ғалым Алтай Айнабек алдағы уақытта Алматының көк түтінімен күресетінін мәлімдеді. Бүгінде ірі мегаполисте нәрестеге дейін темекі шегіп жатыр деп дабыл қаққан маман Dalanews.kz агенттігіне жаңа жобасын таныстырды.

Сонымен қатар, жобаны аяқтан тұрғызу үшін ғалым қайырымдылық қоры ашылғанын құлаққағыс етті.

“Жобаны іске асыру үшін кәсіпкерлерден демеушілік етуін сұрап, хаттар дайындап отырмыз. Осы мақсатта арнайы “Altay Rain Man foundation” қорын аштық. Осы қор арқылы жобаны іске асырамыз деп жоспарлап отырмыз. Жеті айға созылатын жобада университеттердің біреуімен коллаборация жасап, сол жерде технологияның ғылыми зерттеу құралдарын бірге бекітіп, Қазақстан қалаларының ауасын жақсартуға байланысты ғылыми жұмыспен айналысамыз. Адамдардың көшеде бетпердесіз және көлік терезесін ашып отыра алатындай жағдайын жасауға әрекеттенеміз”, - деген еді жоба авторы.


Рекомендовать
Последние новости