Р. Садықова: «Жетістігіміз аз емес"

Dalanews 09 авг. 2016 06:17 986

Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары және «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша межеленген шыңдарды бағындыру үлкен жауапкершілікті арттырып отыр. Ағымдағы жылдың 6 айында атқарылған әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мен осы мерзімде Талғар ауданы экономикасында қол жеткізген жетістіктермен танысу үшін аудан әкімі САДЫҚОВА РАЙХАН НҰРМЫРЗАҚЫЗЫМЕН сұхбаттасқан едік.

– Райхан Нұрмырзақызы, орта ғасырларда Ұлы Жібек жолы бойындағы Талхиз қа­ласы сауда-саттығымен, өрелі өркениетімен дәуірлеп тұрғанын тарихтан білеміз. Тарихы мен мәдениеті бай әрі терең ауданның тізгіні бүгінде өз қолыңызда. Қаланың қазіргі тынысы қалай?

– Талғар – шын мәнінде де күнге, нұрға, жақсылық атаулыға жақын жер, ежелден құт дарыған өңір. Қаланың әр тұрғыны бұл үшін мақтанады әрі осы жауапкершілікті алып жүру үлкен сын екенін түсінеді. Экономика мен әлеуметті әлсіретіп алмау үшін жұмыс атқарып жүрміз. Айта кетсек, осы жылдың алғашқы 6 айында жоспар 115 пайызға орындалды. Оның ішінде жергілікті бюджетте  жоспардың орындалуы 126 пайыз. Мұның бәрі біз үшін қуанарлық жағдай.

Talgar_logo– Жаңа өндіріс ошақтарының ашылуы халықты жұмыспен қамтуға сеп екенін білеміз. «Жұмысы бар жұтамас» деген. Халықты жұмыспен қамтуда қандай нақты қадамдар жасалды?

– Талғар қаласында шетелдік инвестордың есебінен 1,4 млрд.

теңгеге пластикалық өнімдер шығаратын «Керуен Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Белбұлақ ауылында тротуарға төсейтін  резеңке  плиткалар  шығаратын «Артпрайм Казахстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі зауыттары  іске қосылған. Аталған серіктестіктерде 100 адам жұмыспен қамтылып, 1390,0 млн. теңге инвестиция тартылған. Сондай-ақ,  2,1 млрд. теңгеге денсаулық  саласындағы травматологияға  қажетті  құралдар шығаратын «Медициналық Холдинг» «Sintes-kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда аталған кәсіпорынды индустрияландыру картасының екінші бесжылдығына  қосу мақсатында құжаттар рәсімделуде. Өнеркәсіп саласында 9,1 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,8 пайызды құрады.

Шағын және орта бизнес саласында  3385 млн. теңгенің өнімі өндірілді. Бюджетке 3,2 млрд. теңге түсіп, жалпы аудан бюджеттің 48,5 пайызын құрады. Бұл салада 26100 адам жұмыспен қамтылғанын да айта кеткен орынды. Жаңадан 15 шағын бизнес субъектілері  ашылып, 158 жаңа жұмыс орындары құрылғаны да біз үшін жақсы көрсеткіштердің бірі.

– «Бизнестің  жол картасы – 2020», «Өңірлерді  дамыту»

бағдарламалары  аясындағы жұмыстар әр өңірде қарқынды жүргізілуде. Бұл бағдарламалар ауданда қалай орындалып жатыр?

– «Бизнестің  жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы – республиканың экономикасын дамыту үшін жолға қойылған өтімді бағдарламалардың бірі. Осы бағдарлама аясында Талғар ауданында 9 кәсіпкерлік субъектісі 94,2 млн. теңгеге  «Даму» қоры арқылы  субсидия алған. Бөлшек сауда айналымы  21,1 млрд. теңгені құрап, нақты индекс көлемі 99,5 пайызды құрады. Аудан экономикасын дамытуға 21,7 млрд. теңге инвестиция тартылды. Нақты индекс көлемі 101,1 пайыз. 110012 шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді немесе 2015 жыл  кезеңімен салыстырғанда 118,5 пайыз. Ал ауылшаруашылық саласына келетін болсақ, осы салада 70 ауылшаруашылық кәсіпорындары мен 3157 шаруа қожалықтары жұмыс жасауда. Өндірілген өнімнің жалпы көлемі 8,2 млрд.теңгеге жетіп отыр. «Өңірлерді  дамыту»  бағдарламасы  аясында  ауданның 14 ауылында  119,9 млн. теңгеге 14  жоба бойынша ауыларалық жолдарға ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Үстіміздегі жылдың 1 жарты жылдығында 35,1 млн. теңге игеріліп, жоспар 100 пайызға орындалды. Барлық жобалар бойынша жұмыстар  қыркүйек айында аяқталады.

«Ақ бұлақ»  бағдарламасы аясында Көктал, Еркін ауылдарының  су жүйелерін қалпына келтіру мақсатында бүгінгі күнге 150,0 млн. теңге игерілген. Құрылыс жұмыстары 2016 жылдың қараша айында аяқталады.

Талғар топтық су аққысы бойынша  Қызыл-Қайрат ауылының су жүйелерінің 2-кезеңі қолға алынды. Қазіргі таңда «Мөлдір» жекеменшік шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасалған, құрылыс жұмыстары тамыз айында басталады.

Жыл басынан бері  аудандағы 13 бірлік жол бойындағы бағдаршамдарды күту және  жол белгілерін орнату жұмыстарына 2,3 млн. теңге игерілді.

– Білім саласы – басты назарда екені айқын. Бұл саладағы нақты нәтижелер мен жоба-жоспарды айта кетсеңіз.

– 2015-2016 оқу жылындағы 1270 мектеп бітірушінің 883-і ұлттық

бірыңғай тест  тапсырып, қорытындысы бойынша орташа бал – 80,2 құрады. «Алтын белгіге»  үміткер 42 баланың 25-і өз білімдерін дәлелдеді. 28 оқушы үздік аттестат иеленді.

«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы  бойынша бір жолғы берілетін көтерме жәрдемақыларға  41 адамға 6,1 млн. теңге, 18 адамға  тұрғын үй сатып алуға  57 млн. теңге  қаражат бөлінген.

Білім саласындағы жұмыс істейтін 50 балабақшаның 32-і «Балапан» бағдарламасымен жұмыс жасайды. Бүлдіршіндердің балабақшамен қамтылуы 93,0 пайызды құрады.

Мемлекетті-жекеменшік әріптестік  бағытында  Талғар қаласында 500 орындық жаңа балабақшаны қыркүйек айында  ашу жоспарлануда. Ағымдағы жылы Еңбекші ауылында 300 орындық, Еламан ауылында 300 орындық, Кіші Байсерке ауылында 300 орындық, Белбұлақ ауылындағы 600 орындық жаңа  мектептердің  және Ақтас  ауылында 600 орындық  мектепке жанама  құрылыс  жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстардың  аяқталуы 2017 жылдың  тамыз айы деп жоспарланып отыр.

Қызыл-Қайрат ауылындағы №19 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жұмыстарды аяқтау мерзімі тамыздың 20-ына жоспарланған. Сондай-ақ,  Өстемір ауылындағы №14, Талғар қаласындағы  №6 орта мектептерге  күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Аудан тұрғындарының денсаулығын қадағалауда 46 мемлекеттік  денсаулық сақтау  мекемелері жұмыс істейді. Оларда 285 дәрігер, 825 орта денсаулық сақтау қызметкері бар.

27 емдеу мекемелерінде дәрі сататын орындар, жедел жәрдем көрсететін жабдықпен қамтылған 15 автокөлік қызмет көрсетеді.

Бір айта кетерлігі, ауданда мемлекеттік құрылымдар мен тұрғындар арасындағы қарым-қатынас жолға қойылған. Тұрғындардың талап-тілектерін орындау жолында көлемді іс-шаралар қабылданды. Азаматтардың өтініштерін дер уақытында қарау жөнінде жұмыстар жүргізілуде.

Әрқайсымыздың міндетіміз – аудан халқының тұрмысын жақсартуға бағытталған Елбасы тапсырмаларын қысқа мерзім ішінде сапалы да ширақ  орындау. І жарты жылдықта жеткен жетiстiктеріміз аз емес. Бірақ, әлі де шешімін табатын мәселелер де баршылық.

Олар сіз бен біз болып бірлескен іс- шаралар нәтижесінде шешілмек.

Сұхбаттасқан Бақтияр ҚАБАСОВ.


 

 

Рекомендовать
Последние новости