Құрық портынан Бакуге миллион тонна жүк өткізді

Dalanews 19 окт. 2017 15:48 832

Бүгін Маңғыстау облысындағы Құрық портынан Баку портына алғашқы 1 000 000 (миллион) тонна жүк өткізудің салтанатты шарасы өтті. Бұл туралы Маңғыстау облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шараға Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылығы, Әзірбайжан кеме қатынасы компаниясының өкілі және Құрық портының еңбеккерлері мен мыңнан аса белсенді жас қатысты. Жиында сөз алған Ералы Тоғжанов:

– Былтырғы жылы Индустрияландыру бағдарламасы аясында Елбасымыз өзі іске қосқан айлақтан өткізілетін жүктің көлемі бүгін миллион тоннаға жетті. Бұл көрсеткіш  алдағы жылдары екі есеге өсетін болады. Жыл сайын жүк ағынының артуына байланысты Каспий өңірі айлағының әлеуетін қарқынды түрде дамытуда. Бүгінгі порт – кешегі Жібек жолының стратегиялық жалғасы. Қазақстанның транзиттік және экспорттық әлеуетін көтеріп, көлік-логистикалық және индустриялық инфрақұрылымын алға жетелейтін негізгі күшке айналмақ, – деді.



Сонымен қатар, Құрық портының қызметкерлерінің атынан Айгүл Сапарғалиева Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, қуанышын жеткізді.
– Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Индустрия күніне орай 2016 жылдың 6 желтоқсанында өткізілген жалпыұлттық телекөпір режимінде, Сіздің тапсырмаңызбен Маңғыстау облысы Құрық порты бірінші рет іске қосылды. Бүгінгі таңда, Құрық порты жүк тасымалдаудағы Транскаспий көлік дәлізінің күре тамыры ретінде, Еуразия аумағында Қазақстанның көліктік-логистикалық хабына айналуда. Бүгінгі мерекелік шараға қатысушылардың атынан, Құрық паромдық кешені арқылы, тұңғыш миллион тонналық жүк жөнелтілуін, Сізге қуанышпен хабарлауға және бүкіл маңғыстаулықтардың атынан құттықтауға рұқсат етіңіз, – деді.

Салтанатты шарада Құрық портының бас директоры М. Сақтағанов мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан Қазақстанның Каспий теңізіндегі порттарды кеңейту, еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың шараларына тоқталды.  Ресми мәліметтер бойынша порттағы бір миллион тонна жүктің 548 мың тоннасы экспортқа шығарылды. Импорттық жүктер 452 мың тоннаны құрап отыр. Тағы бір тиімді тұсы аталмыш инфрақұрылымдар теңіз маңындағы қозғалысты төрт сағатқа жеделдетеді. Мәселен, Баку мен Құрық арасындағы пароммен жүру уақыты 18 сағатты құрайды. Ал, Ақтаудан Бакуге 22 сағат жібереді.

[caption id="attachment_31237" align="aligncenter" width="1024"] ????????????????????????????????????[/caption]

Маңғыстау жерінен жөнелтілген жүк Әзірбайжан, Грузия порттары арқылы Еуропаға қарай жол тартады. Құрық паром кешенімен қазақстандық астық, көмір, мұнай өнімдері, тыңайтқыш, химиялық өнімдер, транзиттік жүктер, Қытай, Қырғызстан және Өзбекстаннан шыққан жүктер экспортқа шығарылады. Паром кешенінде бір теміржол айлағы, төрт теміржол көрмелік паркі бар. Теміржол станциясына кіре берісте өңдеу және сұрыптау қызметі, «Ерсай станциясы – Құрық порты» кіре беріс теміржолы, әкімшілік және өндірістік мақсаттағы нысандар салынды. Аталмыш айлақтағы паром өткелі мен «Боржақты-Ерсай» теміржол желісі басты және сұйық жүктердің мультимодальдық тасымалын қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде Каспий бағдарымен батыс бағыттағы экспорттық әлеуеті мен транзиттік жүк ағынын еселеп арттырады.

Екі теміржол айлағының пайдалануға берілуі арқылы тәулігіне бес паромға қызмет көрсетіп, ол арқылы жылына 4 миллион тонна жүкті өңдеуден өткізеді. Айлақтағы автокөлік паромымен қызмет көрсетуді пайдалануға беру жылына 6 миллион тоннаға дейін жүк өткізуге мүмкіндік береді.

 

Маңғыстау облысы өңірлік коммуникацияларқызметінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости