Қаржы министрлігіне қарасты Қайтарылған активтерді басқару компаниясы мемлекетке қайтарылған құнды заттарды сатылымға шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алайда компания бұл мүліктердің кімнен және қандай жолмен тәркіленгені туралы нақты мәлімет бермейді.
Ulysmedia мәліметінше, аукционда ұсынылған заттардың арасында бағасы жүздеген миллион теңгеге бағаланатын эксклюзивті сағаттар, алтын сақиналар мен сырғалар бар. Сондай-ақ, “Бата”, “Беташар”, “Сүйіндір” атаулы монеталары да саудаға шығарылған, олардың құны 150 мыңнан 350 мың теңге аралығында.
Ең қымбат лоттардың бірі – Ulysse Nardin Classic 789-80 маркалы қолсағат. Оның бастапқы бағасы 214 миллион теңге. Басқа сағаттардың бағасы да арзан емес. Мәселен, Breguetмаркалы сағаттар 3,5 миллионнан 15 миллион теңгеге дейін саудаланып жатыр.
Әшекей бұйымдар қатарында “Женева” брендті сырға ерекше назар аудартады, оның құны 2 миллион теңге.
Компания мәліметінше, аукцион 22 қаңтарда өтеді. Мұндай сатылымдар арқылы бюджетке қосымша қаржы түсетіні белгілі.