Құлыбаев пен Мәсімов құрған схема әлі жұмыс істеп тұр - қоғам қайраткері

Dalanews 22 сент. 2023 09:29 866

Қоғам белсендісі Ауыт Мұқибектің айтуынша Қазақстан әлі күнге Құлыбаев пен Мәсімов құрған схемамен өмір сүруде.

Соның ішінде Мәсімов қабылдатқан заңдардың мұрты бұзылмай тұр. Соның бірі - «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар туралы» заң.

"Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация - оның жалғыз құрылтайшысы Қазақстан Үкіметі болып табылатын акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған заңды тұлға.

Оны 2008 жылғы 30 маусымдағы №660 Қаулысы арқылы сол кездегі Премьер-Министр К. Мәсімовтің қабылдатқаны аталған «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар туралы» Заңының басында жазулы тұр.


Ауыл азаматтары кооператив құрып, Үкімет бөлген қаражаттың игілігін көрейін десе, ол кооперативтің құрамына осы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация кіреді де, 49 пайызға дейінгі үлеске ие бола кетеді. Оған осы Заңының 14-бабының 2-тармағы жол береді.

Сөйтіп, Үкімет ауыл шаруашылығын өркендету үшін оң қолымен берген қаражатын әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы сол қолымен қайтарып алуда", – дейді Ауыт Мұқибек.

Мен білетін Ауыт Мұқибек

Оның айтуынша Әлихан Смайылов бұл заңның кезінде қандай мақсатпен қабылданғанын білмейді емес. Біле тұра, жемқорлыққа даңғыл жол ашып қойған осы заңды жоюға немесе өзгертуге құлықсыз. Өзгерту былай тұрсын, халықтың табысын арттыру мақсатында Тоқаев тапсырмасымен Жамбыл облысында жолға қойылған пилоттық жоба дәл осы Заңға сүйеніп жүргізілуде.

"Демек, «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар туралы» заң Смайыловтың қолайына жақты деген сөз", - дейді қоғам белсендісі.

Айта кетелік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов президент тапсырмалары ары кетсе, 30-40 пайызға ғана орындалып жатқанын айтқан.

"Егер, оның сөзі шын болса, онда оған кезінде Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімовтің ықпалымен жобасы жасалып, бұрынғы Парламент депутаттары бекітіп берген, қазір де бір әрпі өзгермей қолданыста тұрған осы «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар туралы» заң және осы секілді ескі нормативтік құжаттар кедергі жасап отыр.

Тоқаев еліміздің экономикалық даму мәселелері жөніндегі Үкімет кеңесінде сөйлеген сөзінде, 2019-2021 жылдары өнім өңдеуге берілген субсидияны сынға салған.

"Бұл қаражаттың тең жартысы субсидия алам деушілердің 10 пайызының ғана қолына тиген. Субсидия алған кейбір пысықайлар өндірісті өркендетудің орнына бюджет қаржысын қалтасына басып, шалқып өмір сүрген. Ал қарапайым шаруалар үшін субсидия алу – қияметтің қиыны» - деген еді президент.

Осы келеңсіздікті тудырып отырған да сол баяғы  «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар туралы» заң", – дейді Ауыт Мұқибек.

Белсендінің пікірінше шетке заңсыз шығарылған ақшаға пара-пар мемлекет қаражаты (діттеген жеріне жетпей) көз алдымызда тоналып жатыр.


"Оны шешудің бірден-бір жолы – Жамбылда жолға қойылған  ауыл шаруашылығы кооперативтеріне берілетін өсімі 2.5 пайыздық несие секілді жеңілдетілген көмек ақшаларды кімдерге беруді Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы емес, ауылдық округ әкімдері мен алда халықтық сайлау арқылы құрылатын Ауылдық кеңестің бекітуі арқылы шешілуі тиіс.

Қысқасы, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін ауылдық округ әкімдері мен алда халықтық сайлау арқылы құрылатын Ауылдық кеңестің құзаретіне берген дұрыс. Осы жолғы Жолдауда осы мәселе ескерілер деп үміттенген едім. Өкінішке орай, үмітім ақталмады. Ұсынысымның Тоқаевқа жетпегені белгілі болды.

Демек, Президент Әкімшілігі мен Үкіметтің Құлыбаев пен Мәсімов құрған жемқорлық схемасын бұзуға құлқы жоқ деген сөз", – дейді.

Рекомендовать
Последние новости