Қуыршақ театрының әртісі кітапханда кездесу өткізді

Dalanews 31 мая 2021 11:29 1143

Таяуда Өнер және мәдениет қызметкерлері күніне орай Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Мәдениет – елдің рухани байлығы» тақырыбында «Алақай» қуыршақ театрының әртісі Гаухар Оралбайқызымен кездесу өткізіп сырлы сұхбат болды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Шара барысында қонағымызға түрлі сұрақтар қойылып, сырлы әңгіме өрбіп, әуезді ән де шырқалды. Сонымен қатар Гаухар ханым өзімен бірге бірнеше қуыршақтарды да ала келген екен, сол қуыршақтардың биін тамашаладық, шара инстаграм желісінде тікелей эфирде өткендіктен инста оқырмандарымыздан көптеген сұрақтар қойылып жауап берілді.

«Алақай» қуыршақ театрының қызметкерлері қала мәдениетінің ақсамауына, ел мәдениеті­нің өркендеуіне өзіндік үлес қосып жүр­геніне куә жеңісті күндер күнтізбесі бар. Ұжым мүшелерінің жыл он екі ай атқарған тынымсыз еңбектері бағаланып та жүр. Осындай ұжымның ішінде күлім көзді, қоңыр үнді, жылы жүзді Гаухар Оралбайқызы еңбек етуде. Өнерімен, ерекше сөз мәнерімен, мәдениетімен өзгеден оқ бо­йы озық тұрған өнер және мәдениет қызметкерлері күні қарсаңында Гаухар Оралбайқызының өнерімен оқырманды таныстыруды жөн көрдік.

«Алақай» қуыршақ театрының репертуарында қазақ халқының "Ұр, тоқпақ!" ертегісі, "Дала аңызы, уа, Алдар!", "Қоянның қулығы" әлемге әйгілі дат ертегішісі Христиан Ганс Андерсеннің "Ұсқынсыз үйрек", "Су перизаты" сияқты т.б. қойылымдары екі тілде тұрақты түрде сахналанып жүр. Осындай қойылымдардың ішінде Гаухар Оралбайқызы сомдаған рөлдерге тоқталсам «Аспандап ұшқан ақ тырна» спектаклінде Гаухар Оралбайқызы тым нәзік, сезімтал ару бейнесіне ену арқылы көрерменін бір әдемі әсерге бөлейді, «Тізгінін босат та, құстай самға!» спектаклінде Ана рөлінде «Әй-әй бөпем» әнін жүрекке жеткізе айтқанда жағымды қоңыр даусымен жанды баурап алады, ал «Жарқын қала» спектаклінде басты рөл Теңіз раушанын сомдап әдемі дауысымен, әсем келбетімен қойылымның мәнін арттыра түсті. Сонымен қатар Гаухар Оралбайқызының сомдаған түрлі хайуанаттар спектакліндегі қоян, жезтырнақ, ешкі т.б. образдары көпшілік көрерменнің ықыласына бөленіп жүр.

Жалпы мәдениет десе бірден концерт өтетін орталық еске түседі. Ал бұл салаға бірнеше мәдени орындар кіретінін қарапайым халық біле бермейді. Осы себептен сөз орайы келгенде мәдениет саласын таныстырып өтейін. Мәдениет саласына біздің Ақтөбе қаласынан Т.Ахтанов театры, «Алақай» қуыршақ театры, өнер орталығы, филармония, музей, кітапхана, архив жатады. Осы сала мамандары түрлі мәдени шаралар өткізіп қаланың мәдениетінің дамуына үлес қосуда. Театрлар қойылымдарымен, филармониялар концертерімен, кітапхана кітаптарымен, музей құнды жәдігерлерімен ерекше.

Аталған мәдени орталықтарда қойылып жүрген түрлі спектаклдердің артында қаншама адамның еңбегі жататыны белгілі. Әсем безендірілген сахнада, жарқыраған шамдардың астында сахналық қойылымдар қою бір қарағанда оңай жұмыс болып көрінгенімен, онда қаншама адамның қажыр қайраты, маң­дай тері, ынта жігері, қолтаңбасы бар десеңізші! Өнерпаздардың сахналық костюмдері мен өнері үйлесім тауып, ха­лықтың көңілінен шығуда, еткен еңбек ақталып, абыройлары артпаса, азайған емес. Көпшіліктің ықыласына бөленіп, қо­шеметке ие болғаннан артық бақыт бар­ ма?!

«Салем,салем ұл-қыздар! Бір-бір жанған жұлдыздар» деген ұранмен жұмысына келіп кішкене баладан үлкен кісіге дейін көңілдерін көтеріп жүретін Гаухар Оралбайқызына және театр ұжымына толағай табыс пен таусылмас шабыт және алар асуларыңыз көп болсын деп тілек айтамыз.

 

Гүлнұр Ихсангалиева, Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы.

Ақтөбе қаласы.

Рекомендовать
Последние новости