Қуандықты ақтау науқаны: Танымал журналистер Бишімбаев отбасынан ақша алғаны рас па?

Қаракөз Амантай 28 февр. 2024 12:06 25421

Әйелін ұрып өлтірді деп күдікке ілінген экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі қоғам назарын аударып, көпшіліктің талқысына түскені рас. Тіпті әлеуметтік желіде бұл іске қатысты пікір екіге жарылды.

Бірі шенеунікті "жерден алып, жерге салып жатса", енді бірі оның әрекетіне екінші жақтан қарап, "ақтауға" тырысуда, деп жазады Dalanews.kz.

Мәселен, бұған дейін журналист Сырым Итқұлов желіде бұрынғы министр Ермұхамет Ертісбаевты Бишімбаевты қолдауға қатысы бар адамдардың бірі ретінде атап өткен. Оның сөзінше, қоғамда экс-шенеунікті ақтап алу науқаны қарқынды түрде жүре бастайды.

"Қазір бәрі сот басталар алдында және сот отырыстары барысында медиада Қуандық Бишімбаевты ақтау бойынша кезекті науқан басталатынын көрсетіп отыр. Естеріңізде болса, ол былтыр ұсталғаннан кейін де бірден осындай болды. Сотталушының туыстары бір немесе бірнеше пиар-агенттікті тартқаны айдан анық. Қуандық өз елінің патриоты, үлгілі отағасы және көптеген тіл білетін "қарапайым жақсы жігіт" екені айтылатын түрлі жазбалар көбейіп кетті. Олардың кейбіреулері тіпті шетелдік басылымдарда да шықты.Ең сорақысы, бұлардың қайтыс болған адамды қаралауға тырысқаны. Олар оның (Салтанаттың, ред.) қатты мас болғанын, таблеткаларды қабылдағанын жарыса жазды", - деген еді Итқұлов.

Бұл пікірді саясаткер Мұхтар Тайжан да құптайды. Ол Қуандық Бишімбаев әкесі ұйымдастырған пиардың арқасында жазадан құтылып кетуі мүмкін екенін айтады.

"Бұл іске Бишімбаевтың әкесі, академик, лауреат, еңбек сіңірген қайраткер, ректор және Нұр-Отан партиясының депутаты, Назарбаевтың досы Уәлихан Бишімбаевты кінәлі деп санаймын. Себебі ол мемлекеттің қаржысын жымқырған ұрыны тәрбиеледі. Бұл сотпен дәлелденді. Назарбаев арқылы ол ұлына кешірім беруін сұрағанына сенімдімін. Сондықтан ірі қылмыскер бостандыққа шығып, жазаланбайтынына сенімді болды. Бұның арты үлкен трагедияға әкелді. Қазір кіші Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы ерекше қатыгездікпен өлтірді деген күдікке ілінді. Енді міне, әкесі БАҚ арқылы ұлын ақтап шығуға тырысып жатыр. Тіпті баласының әрекетіне байланысты өкінетінін жеткізген сөзі де жоқ. Егер сот Қуандықтың кінәсін дәлелдесе, әкесін де барлық атағынан айыруды талап етуіміз қажет", - деп жазған еді Тайжан.

Сонымен қатар "Бишімбаевты ақтап алу процесі басталып кетті" деп бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева да дабыл қаққан. Ол марқұм Салтанат Нүкенованың ісі бойынша сотқа дейін немесе сот процесінде "сотталушыны ақтау үшін фактілерді қасақана бұрмалауға әрекет жасалуы мүмкін" деген мағынада алаңдаушылық танытып, жазба қалдырды.

"Кейбір адамдар аталмыш медиа науқанға кірісіп кетті. Бұған адамдардың қалай қатыса алатынын, зорлық-зомбылықты қалай ақтауға болатынын түсіну мүмкін емес. Аталған іс бойынша әділ сот жазадан құтылу мүмкін еместігі туралы нақты сигнал болуы тиіс", – деп пікірін білдірді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Бұл оқиғаны негізге алған қоғам белсенділері аталмыш мәселе жылы жабылып, күдікті жазадан құтылып кетпесе екен деп алаңдаушылық танытуда. Себебі соңғы күндері БАҚ бетінде Бишімбаевты жақтаушылардың төбесі жиі көріне бастады.

Мысалы, журналист Гүлжан Ерғалиевамен болған сұхбатта Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деп айыпталып түрмеде отырған Бишімбаевтың адвокаттары Назкен Құсайынова мен Лейла Рамазанова айыпталушы тараптың уәжін айтып, күдікті кінәсін мойындамайтынын және Нүкенованың субдуральды гематомадан қайтыс болғанын жеткізді.

Сонымен қатар олар марқұмның денесінде бұрын болған жарақаттан көз жұмғанын меңзейді. Қала берді олар Бишімбаевтың әйелін әлі күнге дейін жақсы көретінін және қатты қайғыратынын баса айтқан болатын.

Осынау даулы іске байланысты журналист Гүлбану Әбенова, қазақтілді блогерлер Ләззат Ахатова, Сәуле Әбілдаханқызы да желіде өз пікірін білдірген.

Айталық, Әбенова Бишімбаевтың отбасына қарсы агрессиялық пікір жазатын боттар пайда болғанын және адвокаттардың сұхбаты оқиғаның екінші жағын ашып бергенін жеткізген. Ол халықты “өздері сенетін шындықты бұзғысы келмейді” деп айыптаған.

“Мүмкін Бишімбаев шынымен өлтірмеген шығар. Ал азаматтық некедегі әйелі гематоманың салдарынан қан кетуден ұйықтап жатқанда қайтыс болуы да мүмкін ғой", – деп өз ойын ортаға салған болатын.

Танымал журналист Гүлжан Ерғалиева мен саястаткер Ермұхамет Ертісбаевтың сөз сарыны да осыған сайған еді.

Қоғамда туындаған осындай екі жақты пікірге байланысты телеграм-арналарда әртүрлі ақпарат тарауда.

Олардың мәліметінше, қазіргі уақытта Е.Ертісбаев, Г.Әбенова, Г.Ерғалиева және бірқатар қазақтілді блогерлер отбасынан арнайы "қаламақы" алған болуы мүмкін.

Осы тұста олар Бишімбаевті ақтап, Нүкенованың табиғи себептен қайтыс болғанына акцент беретін PR компания құрылғанын алға тартады.

Тарап жатқан осынау ақпараттардың анық-қанығын білу үшін Dalanews.kz тілшісі журналист Гүлбану Әбеноваға өзіне хабарласып, мән-жайды білді. Ол өз тарапына айтылып жатқан пікірді жоққа шығарды.

"Мен қандай мәселе көтерсем де көпшілік арнайы тапсырыс деп ойлайды. Бұл мәселені мен үш айдан бері жазып келемін. Бұл уақытта ешкім мені қаламақы алып жатсың деп айыптамады. Содан соң екінші жақтың (Бишімбаевтың, ред.) адвокаттары шықты. Бұған дейін мен екінші тараптың тергеу нәтижесі бойынша пікір білдірмей жатқанын сұраған болатынмын. Ал Бишімбаевтың адвокатттарының сөзіне байланысты пікір білдіргеннен кейін маған бәрі бірден қаламақы алды деп айып тағуды бастады.

Маған ешқандай қаламақы төленбеді. Сонда осындай түрлі алып-қашпа әңгімелерге сене бересіздер ме? Қандай мәселе болса да екі жақтан қаралуы керек.

Нүкеновтер де періште емес. Маған күнде оларға қатысты жан-жақтан түрлі ақпарат келіп жатыр", - деп сөзін қорытындылады журналист.


Рекомендовать
Последние новости