ҚТЖ мен Қожамжаровтың бауырының ісі: екеудің келісімі Ақордадан жеткен хаттан соң әшкере болған

Көркем Алдабергенова 31 мар. 2025 16:00 887

ҚТЖ-ның еншілесі мен Қожамжаров компаниясының «сыбайлас келісімі» Ақордадан жеткен хаттан соң әшкере болған, деп хабарлайды Dalanews.kz Nege.Aqsha-ға сілтеп.

Өткен аптада Бәсекелестікті қорғау агенттігі «Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» компаниясы мен майлау материалдарын жеткізуші HILL арасында бәсекелестікке қарсы келісім жасалғанын анықтады. HILL компаниясы танымал бизнесмен Дулат Қожамжаровқа тиесілі.

Бұл істің тергелуіне Ақордадан жіберілген материалдар түрткі болған.

«Тергеудің басталуына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінен 2023 жылдың 11 наурызында келіп түскен материалдар негіз болды. Аталған материалдарда бәсекелестікті қорғау заңнамасын бұзу белгілері анық көрсетілген. Атап айтқанда, ҚТЖ ЖТ компаниясы балама жеткізушілерге дискриминациялық тәсілдерді қолдану арқылы, HILL компаниясының пайдасына майлау материалдары нарығындағы бәсекелестікті шектейтін жағдайлар жасаған», – делінген редакция қолындағы ресми құжатта.

2021 жылдан 2023 жылға дейін ҚТЖ ЖТ мен HILL арасында жалпы құны 17,2 млрд теңгеге 13 келісімшарт жасалған. Оның алтауы бір көзден сатып алу әдісімен жүзеге асырылған.

Тергеу нәтижесінде ҚТЖ ЖТ компаниясының Дулат Қожамжаровтың бизнесін лоббилеп, басқа өндірушілердің, атап айтқанда, «Лукойл Лубрикантс Центральная Азия» және Evooil секілді компаниялардың нарыққа кіруіне кедергі жасағаны расталды.

Мысалы, ҚТЖ ЖТ компаниясы «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ-на арнайы хат жолдап, зауытқа HILL компаниясының мотор майын сатып алуды ұсынған. Ал оған дейін зауыт «Лукойл М-14Д2» майын қолданып келген еді. Хат жолдауға негіз ретінде HILL компаниясының ҚТЖ ЖТ компаниясынан май жеткізу туралы келісім жасауға көмектесуді сұрап жазған өтініші алынған. Алайда бұл өтініштің негізсіз екені дәлелденді. Себебі тепловоз өндіруші Wabtec Corporation аталған май түрлерін араластырып пайдалануға рұқсат берген.

«Өз кезегінде, HILL компаниясының «Локомотив құрастыру зауытымен» май жеткізу туралы келісім жасауға көмектесуін сұрап, ҚТЖ ЖТ-ға жүгінуі және осы өтініш негізінде ҚТЖ ЖТ тарапынан хат жолдануы – HILL мүддесінің қолдау тапқанын көрсетеді», – делінген ресми құжатта.

Сонымен қатар ҚТЖ ЖТ сатып алу процедураларын да жиі өзгертіп, HILL компаниясына қолайлы жағдай жасап отырған.

«ҚТЖ ЖТ мен HILL компаниясы арасындағы бәсекелестікке қарсы келісімнен мемлекетке келген шығынның болжамды мөлшері – 2,3 млрд теңге», – деп көрсетілген құжатта.

Қожамжаровтың компаниясы ҚТЖ-ның еншілес компаниясы шешімдерді дербес қабылдағанын алға тартып, тергеу қорытындыларына қарсылық білдіргенімен, сот Бәсекелестікті қорғау агенттігінің әрекеттерінен ешқандай заңбұзушылық таппаған.

Дулат Қожамжаров – бұрынғы Бас прокурор және сенатор Қайрат Қожамжаровтың туған інісі. Forbes Kazakhstan журналы оның байлығын 110 млн долларға бағалап, елдегі ең бай бизнесмендер тізімінде 57-орынға жайғастырған.


Рекомендовать
Последние новости