Қоғамда педофилдердің болуы Алланың бар екенін көрсетеді: ҚМДБ түсініктеме берді

Қаракөз Амантай 13 нояб. 2025 14:29

Әлеуметтік желі қолданушыларының арасында Нұр-Мүбарак университетінің оқытушысы Нұржан Смағұловтың дәрісі үлкен дау тудырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Желіде тараған видеода ұстаз педофилдерге қатысты пікір білдірген.

“Педофилдің болуы Алланың барына дәлел емес пе?! Қалай ойлайсыздар? Керісінше, педофилдердің болуы Алланың барына дәлел болмауы керек. Педофилдің болуы – Алланың бар екеніне дәлел. Неге деп ойлайсыздар? Жігіттер, егер Алла болмаса, біздің қалауымыз орындалады. Біздің қалауымыз педофилдің болуы ма, болмауы ма? Онда болмайтын еді. Бірақ біздің қалаған нәрсеміздің қарсысы болып тұр ма? Біздің қалауымыз орындалып тұр ма, орындалып тұрған жоқ па?”, – дейді ер адам.

Осы мәлімдемеден кейін көпшілік ұстазды айыптай бастады.

Мәселеге байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) ресми түсініктеме берді. Басқарманың хабарлауынша, бейнежазбада айтылған пікір Нұр-Мүбарак университетінің ресми ұстанымын білдірмейді.

“Аталған бейнежазба контекстен үзіп алынған. Толық мазмұны бұрмаланған түрде таратылған. Ислам діні педофилия мен ар-намысқа қол сұғушылықтың барлық түріне түбегейлі қарсы. Бұл дінімізде ауыр күнә әрі қылмыс болып саналады. Ислам діні адам абыройын, әсіресе баланың құқығын қорғауды басты міндет етеді”, – делінген жауапта.

Сонымен қатар олар университет тарапынан Нұржан Смағұловқа түсіндірме жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.

“Болашақта осындай түсінбеушілікке жол бермеу үшін Н.Смағұловка БАҚ және әлеуметтік желілердегі сөз жауапкершілігі туралы ескерту берілді”, — деді басқарма.


Рекомендовать
Последние новости