Оралда бостандықта жүрген ондаған сотталған азамат колонияға қамалды, деп хабарлайды Dalanews.kz Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Биыл Орал қаласы бойынша бұрын шартты жазаға және бостандығын шектеуге сотталған 68 адам жазаны өтеу тәртібін қасақана бұзғаны үшін нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды», – делінген бейсенбі күнгі хабарламада.
Қадағалау органының мәліметінше, «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Орал қаласы прокуратурасының бастамасымен пробация қызметінде есепте тұрған тұлғалар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында сотталғандардың қатысуымен ашық сот отырыстарын өткізу тәжірибесі жалғасуда.
«Осындай сот отырыстарының бірінде жазаны өтеу тәртібін жүйелі түрде бұзған (тіркеуге келмеген, түнгі уақытта тұрғылықты жерінде бірнеше рет болмаған) және қылмыстық құқықбұзушылық жасаған есептегі тұлғаға қатысты пробация қызметінің ұсынуы қаралды. Қарау нәтижесінде сот жазаны ауыстыру туралы шешім қабылдап, сотталған адам нақты мерзімін өтеу үшін түзеу мекемесіне жіберілді. Судья мен прокурор қатысушыларға жазаны өтеу тәртібін сақтау мен үкімді орындаудағы жеке жауапкершіліктің маңыздылығын еске салды», – деп түсіндірді прокуратура.
