Қызылордада мектеп есепшісі 36 миллион теңге ақша жымқырып, құмар ойынға тіккен

Ақтоты Жапатова 24 июн. 2025 17:30

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында мектептің бас есепшісі болған Абзал Сейдековке қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Ол қызмет бабын пайдаланып, мемлекеттік мекеме қаржысын қалтаға басқан. Бұл туралы Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мәлімдеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz

– Тергеу барысында анықталғандай, А.Сейдеков 2023 жылдың 1 қаңтарынан 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі аралықта өзіне сеніп тапсырылған лауазымдық міндеттерін теріс пайдаланып, мектеп қызметкерлерінің айлық жалақысын есептеу кезінде үнемделген қаражатты өз шотына заңсыз аударып отырған. Ол жалпы сомасы 36 миллион теңге көлемінде қаражатты жымқырып, оны "Pin Up" букмекерлік қосымшасы арқылы құмар ойындарына жұмсаған, – деп хабарлайды Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті. 

Мектептің бұрынғы бас есепшісі Қылмыстық кодекстің 189-бабынің 4-бөлігі 2-тармағы (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе ысырап ету, аса ірі мөлшерде) бойынша кінәлі деп танылып, сот үкімімен 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

– Сонымен қатар 7 жыл мерзімге есепшілік қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Сотталушы жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді, - делінген департамент хабарламасында.


Рекомендовать
Последние новости