Қызылордада жетім қызды тұрғын үй кезегіне қоймаған шенеуніктердің әрекеті заңсыз деп танылды

Қаракөз Амантай 15 авг. 2025 10:59

Қызылорда облысында мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу құқығын пайдаланбақ болған әйелдің пайдасына сот шешімі шығарылды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сот мәліметінше, өтініш беруші әйел 1996 жылдан 2008 жылға дейін Қызылордада Макаренко атындағы балалар үйінде тәрбиеленген. Интернатты аяқтағаннан кейін ұзақ жылдар бойы туыстарының саяжайында тұрып келген. 2016 жылы тұрмыс құрып, бір ұл дүниеге әкелген. Кейіннен ұлына үшінші топ мүгедектігі берілген. Алайда ажырасқан соң, баласын жалғыз өзі тәрбиелеп келеді. Бұрынғы күйеуінен ешқандай қолдау көрмеген.

Жетім ретінде мемлекеттік қордан тұрғын үй алуға құқығы бар екенін ол жақында ғана білген. Тиісті органға кезекке қою туралы өтініш бергенімен, тұрғын үй инспекциясы оны есепке алудан бас тартқан. Осыдан кейін әйел сотқа жүгінген.

"Бірінші инстанциядағы сот мемлекеттік органның әрекетсіздігін анықтады. Яғни, жауапты құрылым өтініш иесін "ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар" санатына жататын азамат ретінде уақытында тұрғын үй кезегіне қоймаған. Сонымен қатар сот әйелдің әлеуметтік осал топқа жататынын және баспанаға мұқтаж екенін ескерді", – делінген сот хабарламасында.

Сот отырысында тұрғын үйге кезекке тұру құқығы азаматша мектепті аяқтап, аттестат алған күннен, яғни 2008 жылғы 20 маусымнан бастап туындағаны нақтыланды. Осыған сәйкес, сот оның тұрғын үй алу құқығын мойындап, кезекке сол күннен бастап қоюды міндеттеді.

Қаланың әкімі мен тұрғын үй инспекциясы бөліміне әйелді есепке алу туралы сот қаулысын орындау тапсырылды. Қаулы заңды күшіне енді.


Рекомендовать
Последние новости