ҚР Ұлттық Банкі екінші деңгейдегі банктер үшін ең төмен резервтік талаптарды (ЕТРТ) арттыру өтімділік профицитін қысқартып, инфляцияның баяулауына алып келеді деп санайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
ҚР Ұлттық Банк Басқармасы 2025 жылғы 25 шілдеде "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларына ең төмен резервтік талаптар (бұдан әрі – ЕТРТ) мәселесі бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" қаулыны бекітті.
"Өзгертулер ЕТРТ құралын Ұлттық Банктің ҚРҰБ ақша-кредит саясаты құралдарын жетілдіру және антиинфляциялық бағытты күшейту аясында енгізіледі. Ұсынылып отырған түзетулер ЕАЭО, Орталық Азия және Кавказ елдері орталық банктерінің халықаралық ЕТРТ қолдану тәжірибесін зерделеп, талдау негізінде әзірленді. Осы елдерде (Қазақстанды есепке алмағанда) ұлттық валютадағы міндеттемелер бойынша ЕТРТ нормативтерінің орташа деңгейі 4–4,5%-ды, ал шетел валютасындағы міндеттемелер бойынша шамамен 15%-ды құрайды. Қазақстанда ЕТРТ нормативтерінің деңгейі аймақта ең төмені болып келді – теңгедегі міндеттемелер бойынша тиімді мөлшерлеме – 1,3%, ал шетел валютасындағы міндеттемелер бойынша – 2,5%", делінген Ұлттық Банктің баспасөз хабарламасында.
Құжатта теңгедегі міндеттемелер бойынша – 3,5% және 5%, валюталық міндеттемелер бойынша – 10% және 15% нормативтер белгіленді.
"Бұл ретте банк секторын енгізілетін өзгерістерге бейімдеу мақсатында МРТ нормативтері мақсатты деңгейге кезең-кезеңімен бір жыл ішінде көтерілетін болады", - дейді Ұлттық Банк.
Орталық банк қабылданған шаралар ақша агрегаттарының шамадан тыс өсуін төмендетуге, ақша-кредит саясатының трансмиссиясын жақсартуға мүмкіндік береді, бұл инфляцияға қарсы күрестің тиімділігін арттырады деп санайды.
Ұлттық Банктің басты мақсаты – инфляцияны 5%-ға дейін төмендету. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін қолда бар барлық құрал пайдаланылады.
Бір сөзбен айтқанда, ҚР Ұлттық Банкі ең төмен резервтік талаптар мөлшерлемесін жоғарылату арқылы банктерді несиеге берудің орнына резервте көбірек ақша ұстауға мәжбүр етеді. Мұндай шара, әдетте экономикадағы ақша мөлшерін шектеп ұстауға мүмкіндік береді. Бұл шешім нарыққа бірден әсер етті. 13 тамызда 1 АҚШ долларының бағамы 542,66 теңгеден 537,96 теңгеге дейін күрт төмендеді. Құлдырау 4,7 теңгені немесе 0,86% құрады.
Бір қызығы бұл жайтқа америкалық JPMorgan банкі назар аударған.
"Кеше таңертең бір күндік қорландыру мөлшерлемелерінің күрт өсімі байқалды, өйткені нарық Ұлттық Банктің міндетті резервтер нормасын арттыру туралы шешіміне кеш "жауап қатты". Бұл USDKZT бағамының төмендеуіне ықпал етті, бүгін таңертең 537 теңгеден сәл жоғары сомада сауда-саттық жалғасты. Меніңше, біз теңгеге шаққанда америалық валюта бағамына қатысты шағын әрі қысқа позицияны аштық, жазғы баға динамикасынан кейін аздап күмән бары рас, бірақ 545 теңге деңгейі сақталып, Ұлттық Банктың валютаны ЕТРТ арттыру арқылы қолдауға ниетті екенінің куәсі болдық" деп Эльдар Шамсутдинов өз Telegram арнасында JPM түсініктемесін келтіреді.
Оның айтуынша, америкалық банк ЕТРТ-ны қатаңдату мен теңгенің күш алуында тікелей байланыс барын айтады.
"JPM теңге ЕТРТ-ға қатысты шешім қабылдаудың арқасында нығайды деп есептейді, ол өтімділікті нарықтан жойды, ал теңгені тартымды етті. Жағдай шынымен де солай болса, онда нығаю әсері техникалық сипатқа ие және біраз уақыттан кейін теңге қайта әлсіреуі мүмкін", - дейді Эльдар Шамсутдинов.
Сонымен қатар маман АҚШ – Украина – ЕО – Ресейдің алдағы келіссөздерін де ескеру керектігін айтады, өйткені осы тұрғыда нарықта дүдәмал күй әлі сақталып отыр.
Айта кетсек, бүгін, 2025 жылы 14 тамызда Ұлттық Банктің ресми бекіткен 1 АҚШ долларының бағамы 537,96 теңгені құрайды.
Бұған дейін сайтымызда "Қаржы сарапшылары қыркүйекте 1 АҚШ долларының құны қанша болатынын айтты" деген мақала жарияланған болатын.