Шымкентте кәсіпкер әрі қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған шабуылға қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Кезекті тыңдалымда екі куәгер қалалық құрылыс басқармасына қарасты мониторинг бөлімінің басшысы Аманғали Кенжебеков пен Берденовтің көмекшісі Талап Рахымбердиевтің жауабы тыңдалды, деп хабарлайды Dalanews.kz Қазинформға сілтеме жасап.
Куәгер Кенжебековтің айтуынша, қылмысқа дейін бірнеше күн бұрын басқарма басшысының орынбасары Ердәулет Әжібаев оған "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС директоры Ернар Жиембайдың өз еркімен жұмыстан кететіні жайында сұрастырып көруді тапсырған.
"Мен Жиембайға хабарластым. Ол "маған бір ай уақыт берілген, түсіндім" деп жауап қатты", – деді Кенжебеков сотта.
Оның айтуынша, кадрлық құжат айналымын жүргізу оның қызметтік міндетіне кіргенімен, Жиембайға қатысты ешқандай тәртіптік жаза қолдану немесе жұмыстан босату туралы бұйрық болмаған.
Сотта жауап берген Талап Рахымбердиев айыпталушы Жиембаймен қызметтік жиындарда бірнеше рет кездескенін, алайда ешқандай ашық жанжал немесе келіспеушілік байқамағанын айтты. Дегенмен, бір отырыста Жиембайдың слайд-презентациясы дайын болмай, техникалық іркіліс орын алғанын, сонымен қатар киім киісі ресми стандартқа сай келмегенін жеткізді.
"Бірде ол маған телефон соғып, "Русланға берші телефонды" деді. Мен оған субординация сақталуы керегін ескерттім. Бірақ кейін тағы қоңырау шалып, Берденовтің үйіне баруы мүмкін екенін айтты", – деді көмекші.
Рахымбердиев Жиембайдың жұмыстан кету туралы бір ай мерзім сұрағанынан хабардар болғанын, бірақ оның себебін түсіндірмегенін де атап өтті.
Сот тергеуі жалғасуда
Аталған іске қатысты қылмыстық сот процесі әлі де жалғасып жатыр. Алдағы отырыстарда жаңа куәгерлердің жауаптары мен тергеу материалдары жарияланады деп күтілуде.