Қызылағаш құрбандарына қойылған ескерткіш қалпына келтірілді

Dalanews 07 сент. 2019 13:03 1568




Алматы облысында Қызылағаштағы су тасқынынан қаза болғандарға қойылған ескерткіш қалпына келтірілді.

Қызылағаш құрбандарына арналған мемориал 2010 жылғы төтенше оқиғадан соң облыс әкімі Амандық Баталовтың бастамасымен орнатылған.

Ескерткіштің биіктігі 7, ені 14 метр. Онда ағаштан ұстап, өз баласын құтқарып тұрған ана бейнеленген.

Бұдан бұрын желіде ескерткіштің кетеуі кетіп, тозығы шығуға шақ қалғанын әшкерелеген мәліметтер жарияланды.


Мемориалдың іргесі іріп, қабырғаларын қаптаған жапсырмалар сөгіле бастаған бастаған, ал айналадағы тал-терек күтімнің жоқтығынан қурап кеткен.

Ескерткіштің эстетикалық кейпін бұзбай, бақылау ісі Ақсу ауданының әкімдігіне жүктелген екен. Алайда әкімдік тарапынан тиісті жұмыс атқарылмаған.

Амандық Баталов Ақсу ауданының әкіміне ескерткішті 3 күннің ішінде қалпына келтіруді тапсырды.


Бұл мақсатқа аудандық бюджеттен 2 млн теңге бөлінді.



Баталов тапсырмасы қай деңгейде орындалғанын Dalanews-ке облыс әкімдігінің өкілдері айтып берді:

"Күн райына байланысты мемориалдың кейбір тұсындағы жапсырмалар желімнен ажырап кеткен. Әзіргі күні жөндеу жұмысы жүргізіліп, ескерткіш аумағы тазартылды. Ескерткіш толықтай қалпына келтірілді.

Алдағы уақытта айналасына көшеттер отырғызылады, қурап кеткен тал-теректер сүріліп тасталды. Бұл жұмыс қазан немесе қараша айында атқарылмақ", – деді облыс әкімінің баспасөз-хатшысы Ғалымұрат Жүкел.

Бұдан былай ескерткіш толықтай бақылауға алынады. Төңірегінде тәртіп пен тазалық орнатылып, тұрақты тексеру жүргізіліп тұрады.

Қызылағаштағы трагедия 43 адамның (оның ішінде 8-і бала) өмірін жұлып кетті. 300 адам жарақат алса, 1000 мыңға тарта тұрғын қоныс ауыстыруға мәжбүр болды. Тасқын су 397 үйді талқандап кетті, 146 үйге зақым келді.



Қазіргі таңда Қызылағаш ауылы толықтай қалпына келген. Қираған үйлердің орнына жаңа баспаналар бой көтерген.




Рекомендовать
Последние новости