Қытайда қауіпті вирус тарап жатыр - БАҚ

Қаракөз Амантай 08 авг. 2025 10:15

Қытай билігі бұрын-соңды болмаған чикунгунья вирусының өршуіне тап болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дабыл қаққан індет елдің материктік бөлігінде бірінші рет тіркеліп отыр деп жазады Dalanews.kz.

7 тамыздағы жағдай бойынша, ауру жұқтырғандар саны жеті мыңнан асқан, олардың басым бөлігі өнеркәсіптік Фошань қаласының тұрғындары. Оксфорд университетінің мамандары мұны Қытайда бұған дейін тіркелген чикунгунья індетінің ең ірісі деп мәлімдеді.

Инфекция жұққан масаның шағуы арқылы тарап, дене қызуын көтереді және буындарды қатты ауыртады. Аурудың соңы ұзақ мерзімді мүгедектікке ұласуы ықтимал.

Қытай халқында аталған вирусқа қарсы қалыптасқан иммунитеттің жоқтығы жағдайды одан сайын ушықтырып тұр.

Індетті ауыздықтау үшін билік жерден де, дрон арқылы әуеден де инсектицидтер шашып, су тоқтаған жерлерді құрғатып, масаға қарсы торлар орнатуда. Белгіленген талаптарды орындамағандарға 10 мың юаньға (шамамен 1,4 мың доллар) дейін айыппұл салу, тіпті электр қуатынан ажырату секілді қатаң шаралар енгізілген.

Науқастар кем дегенде бір апта мерзімге стационарда оқшауланады. Індеттің алғашқы күндері екі апталық үй карантині жарияланған еді, алайда вирус адамнан адамға жұқпайтындықтан, кейін бұл шешімнің күші жойылды.

Аурудың таралуына тосқауыл қою мақсатында ерекше әдістер де қолданысқа енгізілген. Мәселен, су қоймаларына маса дернәсілдерін жейтін балықтар жіберіліп, вирус тасымалдаушылардың популяциясын бақылау үшін жыртқыш масалар пайдаланылуда.

Бұған дейін ДДСҰ чикунгуньяның жаһандық індетке айналу қаупі туралы ескерткен болатын. Үнді мұхитының аралдарында басталған дерт Еуропа, Африка және Азияны да шарпып үлгерді.


Рекомендовать
Последние новости