Қытай Қазақстанда АЭС құрылысын қолдауға дайын

Қаракөз Амантай 13 дек. 2024 12:26 1345

Қазақстан Республикасы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бастаған делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Бейжіңде министр Мемлекеттік энергетика басқармасының басшысы Ван және ҚХР Атом энергиясы агенттігі төрағасының орынбасары Люмен кездесіп, атом энергетикасы, мұнай-газ, электр энергетикасы және жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Қытай тарапы Қазақстанда атом электр станциясы (АЭС) құрылысына қолдау көрсетуге әзір екенін атап өтті.

Сапар барысында Сәтқалиев ядролық технологияларды жеткізушілер тізіміне енген Қытай Ұлттық ядролық корпорациясының (CNNC) бас директоры Шэнмен келіссөздер жүргізді. Тараптар АЭС құрылысы жобасын іске асырудағы серіктестікті талқылап, нақты жоспарларды талқылады.

Қазақ делегациясы Қытайдың атом энергетикасындағы озық нысандарын, соның ішінде НПР-1000 реакторы орнатылған Чжанчжоу атом электр станциясын, “Shanghai Electric” өндірістік базасын, сондай-ақ уранды өңдеу және байыту зауыттарын аралады.

Уранды конверсиялау және байыту зауытына бару Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі құнды кластерлерді құру қажеттігі туралы бастамалары аясында жүзеге асты. Бұл бағытта Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі кешенді жұмыстар атқарып келеді.

Қытай сапары екі ел арасындағы энергетика саласындағы ынтымақтастықты тереңдету және Қазақстанның энергетикалық әлеуетін дамыту жолындағы маңызды қадам болды.

Айта кетейік, 2 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. 

Референдум бойынша дауыс беру 6 қазанда өтті. Бұл ретте АЭС салуды дауыс бергендердің 71,12 пайызы қолдады. Референдумға дауыс беру тізіміне 12,3 миллионға жуық қазақстандық енгізілген.

Бұған дейін Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысында Қазақстан АЭС құрылысы үшін халықаралық консорциум құру мәселесін пысықтап жатқанын мәлімдеген еді.

“Біздің еліміз ядролық отын циклі аяқталған дерлік әлемдегі ең ірі уран өндіруші саналады. Өздеріңіз де білетіндей, жақында өткен жалпыұлттық референдумда Қазақстанда алғашқы атом электр станциясының құрылысы мақұлданды. Бұл біздің энергетикалық қауіпсіздігімізге ұзақ мерзімді инвестиция саналады. Қазіргі уақытта біз осы жоба үшін халықаралық консорциум құру мәселесін пысықтап жатырмыз”, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан ықтимал технология жеткізушісі ретінде төрт компанияны қарастырып жатыр. Олар, ресейлік "Росатом", Қытайдың CNNC, Кореяның KHNP және Францияның EDF компаниялары.

Еске салайық, Ресейдің Сыртқы істер министрі Лавров та Қазақстанда бірінші атом электр станциясын салу жөніндегі халықаралық консорциумға қатысуға дайын екенін мәлімдеген еді. 

"Ресей көмектесумен ғана шектелмей, АЭС құрылысына қатысты ұсыныстарын да  дайындап қойды. Біз Қазақстанда өткен референдумды мұқият бақылап, президент Тоқаевтың атом энергетикасын дамыту жоспарларына қолдау көрсеттік. "Росатом" осы мәселеде қазақстандық достарымызбен бірлесіп жұмыс істеуге толық дайын. Сондай-ақ басқа мемлекеттердің тиісті агенттіктерімен және құрылымдарымен ынтымақтасуға ашықпыз", – деді Лавров.


Рекомендовать
Последние новости