Астанада 700-ден астам автобус желіге шықты

Жарбол Кентұлы 20 дек. 2024 16:12 1164

Астананың қоғамдық көлік паркі 45%-ға жаңарды. Бұл жаңа автобустардың арқасында мүмкін болды. Соңғы екі жылда желіге 700-ден астам автобус шықты. ОКҚ брифингінде Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қоғамдық көлік пен жол инфрақұрылымын дамыту мәселесі туралы айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кешенді көлік жүйесін дамыту стратегиясы әзірленіп, бекітілді. Бағдарламаның міндеттерінің бірі – қарбалас уақытта қозғалыс жылдамдығын арттыру, жайлылық пен қолжетімділікті жақсарту арқылы қоғамдық көлікті пайдалану үлесін арттыру.

Биыл жалпы ұзындығы 60 км болатын 50 көшеге орташа жөндеу жүргізілді. Әл-Фараби даңғылынан Тәуелсіздік даңғылына дейінгі көпірдің құрылысы аяқталды, бұл Мәңгілік Ел даңғылындағы көлік ағынының азаюына әсер етті, сол сияқты оң және сол жағалаулар арасындағы жылдам қозғалысқа септігін тигізді.

Сондай-ақ, жыл сайын қалаға жаңа автобустар жеткізіп, қоғамдық көлік паркін жақсарту бойынша жұмыс істейміз, – деді Астана әкімі.

Мысалы, биыл желіге 300-ден астам автобус шықты. Екі жыл ішінде автобус паркі 706 жаңа автобуспен толықты. Осылайша, қаланың автопаркі 45%-ға жаңартылды.

2025 жылы қоғамдық көлік паркін тағы 300 бірлікке ұлғайту жоспарланып отыр.


Рекомендовать
Последние новости