Оңтүстік Корея президентін тергеуге шақырды

Қаракөз Амантай 17 дек. 2024 16:15 762

Оңтүстік Кореяда қызметінен уақытша шеттетілген президент Юн Сок Ёль “бүлік жасамақ болды” және “билікті асыра пайдаланды” деген айыптар бойынша прокуратураға тергеуге шақырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Yonhap агенттігінің мәліметінше, бұл – Юн Сок Ёльге жолданған екінші шақырту. Алғашқысына ол жауап қатпаған. Егер президент 21 желтоқсанға дейін тергеуге бармаса, оны қамауға алуға қатысты ордер беру мәселесі қарастырылмақ.

Ақпаратқа сүйенсек, президентті прокуратурадан бөлек бірнеше басқарма жауап алуға шақырған. Олар, полиция өкілдері, жоғары мемлекеттік қызметкерлер арасындағы сыбайлас жемқорлықты тергеу басқармасы және Оңтүстік Кореяның Қорғаныс министрлігінің тергеу бөлімі өкілдері. Осы шақырту бойынша Юн Сок Ёль 18 желтоқсан, сәрсенбіге дейін жауап беруі тиіс.

Сонымен қатар тергеу тобы президенттің телефон әңгімелерінің жазбасын алу үшін оның қауіпсіздік қызметіне тінту жүргізген.

Айта кетейік, 3 желтоқсанда Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ель елде әскери жағдай жариялады.

Бұл шешім оппозициялық Демократиялық партия Парламентте қысқартылған бюджет туралы заң жобасын қолдап, мемлекеттік аудитор мен бас прокурорға импичмент жариялау туралы өтініш бергеннен кейін қабылданды. Алайда Оңтүстік Кореяның Ұлттық Ассамблеясы елде әскери жағдайдың енгізілуіне қарсы дауыс берді.

Дауыс беру кезінде Ұлттық ассамблея ғимаратында әскери жағдайды жоюды талап еткен азаматтар әскери адамдармен, полициямен қақтығысып қалды. Сеул көшелерінде әскери техника пайда болды.

Кейін ел президенті төтенше әскери жағдайды алып тастайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, әскери жағдайдағы әскер шығарылған, ал жақын арада Үкімет отырысы өтеді.

Араға ұзақ уақыт салмай ел президенті әскери жағдай енгізгені үшін халықтан кешірім сұрады.

Ол бұдан былай мұндай қадамдарға бармауға уәде берді.

"Шын көңілден халықтан кешірім сұраймын", - деді ол.

Ел президентінің айтуынша, мұндай шараға мәжбүрлі түрде барған.

"Әскери жағдай жариялауға байланысты жауапкершіліктен жалтармаймын", - деді ол.

9 желтоқсанда президентке Оңтүстік Кореядан шығуына тыйым салынды. Мұндай шектеу елде әскери жағдай енгізу туралы жарлықтан кейін қозғалған бүлік жөніндегі істі тергеуге байланысты қолданылып отыр деп хабарланды.


Рекомендовать
Последние новости