Қаржыгер-маман донор өңірлермен байланысты көзге көрінбейтін әділетсіздік туралы айтты

Кәмшат Тілеухан 20 дек. 2024 14:59 1120

Салық түсімі тұрғысында аймақтарға қатысты көзге көріне бермейтін бір әділетсіздік бар. Заңды тұрғыдан болсын, бюджеттік жағынан болсын. Осылай деген қаржыгер-маман Расул Рысмамбетов еліміздегі өнеркәсіп компанияларын тіркелген орны емес, жұмыс істеп жатқан жеріне салық төлеуді міндеттеуді ұсынады, деп жазады Dalanews.kz.

Мәселен, Астанада "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат холдингі тіркелген, яғни ол осы арада салық төлейді. Барлық дерлік банктер - Алматыда. Тиісінше салықтар осында түседі. Осы жағынан алғанда, бізде донор үш өңір бар: Алматы, Атырау облысы және Астана, қалғандары республикалық бюджетке иек артады. Мұны Үкімет әр кез өңірлер есіне салып отырады. Трансферттер бөлген сайын "арамтамақтар" деген сөзді естіген кімге жақсы дейсіз?

Бұл арада мәселе президент, үкімет басшысы, үкімет немесе президент әкімшілігінде де емес. Мәселе әрдайым өктемдік еткісі келіп тұратын мемлекеттік апараттың өзінде. Осылай төбеңнен дікеңдеп тұрғанда жергілікті билік бастамашылық қабілетінен айырылып, өзінше ойлауға да мұршасы болмай жататыны заңды. Жалпы, орталықсыздандыру деген көп айтылатын терминнің бірі.

Қаржыгер Расул Рысмамбетов, міне, осы мәселе шешімін салықтан бастау керек екенін айтады. Өйткені күшті өңір күшті мемлекеттің толыққанды бөлігі болып табылады.

Оның пікірінше, аталған үш өңір бүкіл елді асырап отыр деу жаңсақтық.

"Іс жүзінде бізде донор аймақтар көп. Бұл арада мынандай бір қисынсыз жағдай бар. Мұның бәрі заңды тұлғалардың қай жерде тіркелгеніне байланысты. Салықтар бізде нақты қызмет орны емес, тіркеу орнына қарай төленеді. Алматы мен Астана бюджеті шағын және орта бизнес есебінен, сондай-ақ Алматынікі сол жерде тіркелген банктер мен мұнай компаниялары есебінен қосымша толықтырылады. Атырауда мұнай-газ секторының арқасында. Астанада салық төлеуде квазимемлекеттік компаниялар да маңызды рөл атқарады. Егер Қызылорда және Маңғыстау облыстарында жұмыс істейтін мұнай компаниялары мұнай өндіру орны бойынша салық төлейтін болса, онда жағдай басқаша болар еді. Ал олар қазір тіркелген орны - Алматыға, Астанаға салық төлейді. Яғни, мұндай жағдайда донор өңірлер әлдеқайда көп болатын еді", - дейді ол.


Рекомендовать
Последние новости