Қырғыз елшілігі қазақтардан кешірім сұрады

Dalanews 11 янв. 2017 17:09 1273

"Abai.kz" ақпараттық порталында  Аалы Туткычев пен Азамат Болғонбаевтың айтысы жариялаған (қырғыз ақындары) болатын. Сөз додасы үстінде қызды-қыздымен екі ақын қазақ  халқы туралы қатты-қатты сөздер айтып қалған.

Бұдан портал қызметкерлері айтыс сахнасында арқаланып алып ауыздарына түскен сөзді айтқан екеудің бұл «ақындығы» қазақ-қырғыз қарым-қатынасына сызат түсіріп, ұлтаралық реніш, өкпе тудыруы мүмкін айтып Қырғызстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшілігіне хабарласыпты. Өз кезегінде Қырғыз Республикасының Қазақстандағы елшілігінің бірінші хатшысы, Шолпанай Әбдісаматқызы Аджиматова жауап берді. Алдымен дипломаттар  "Abai.kz" ақпараттық порталында жарияланған "Қырғыз ақындары қазақты қырына алды. Неге?" атты мақаламен танысып шығып, елшіліктің бірінші хатшысы Шолпанай Әбдісаматқызы "Abai.kz"  порталына қырғызстандық екі ақынның дау шақырған даңғаза әрекетіне қатысты пікір білдірді.
– Мен "Abai.kz" ақпараттық порталында жарияланған мақаламен және онда көрсетілген бейне жазбамен танысып шықтым. Шынтуайтына келгенде  қатты ұялып отырмын. Бауырлас екі елдің тыныштығын бұзатындай ауыр сөздер айтылған екен. Сол үшін Қырғыз Республикасы және қырғыз халқы атынан қазақ халқынан кешірім сұраймын. Өздеріңіз де мақалада айтқандай, екі ақынның сөзі күллі қырғыз халқының сөзі емес, әрине. Мен және бір мәрте қазақ халқынан осы бір жәйт үшін кешірім сұраймын, – деді Қырғыз елшілігінің өкілі.

Сондай-ақ, Шолпанай Әбдісаматқызының айтуынша, Аалы Туткычев бастап, Азамат Болғонбаев қоштаған қырғыз ақындарына ресми түрде Қырғызстан Үкіметі тарапынан шара қолданылатын болды.
– Біз бірінші кезекте бұл екі ақынның айтыста айтқан сөздерін келтіре отырып,  Қырғыз Республикасының Мәдениет министрлігіне және Сыртқы істер министрлігіне хат жазамыз. Ол жақтан ресми жауап келгенде екі ақынға қатысты қандай шара қолданылатынын айтатын боламыз. Ал әзірге мен нақты қандай шара қолданылатынын білмеймін. Бірақ, қандай да бір реакция болатыны сөзсіз. Айыпқа бұйырмаңыздар, сіздерден тағы да кешірім сұраймын, – деді елшілік өкілі.

Осы ретте айта кетейік, біз қырғыз ақыны Азамат Болғонбаевқа да хабарласқан едік. Азматтың тарапынан еш жауап болмады. Тіпті, "ватсап" желісі арқылы сұрағымызды жолдап, сұхбатқа шақырдық. Бұл әрекетіміз де нәтижесіз қалды.

"Елдестірмек –  елшіден, дауластырмақ – даушыдан" демекші, біз өз кезегімізде бұл екі ақынның аузындағы сөзді күллі қырғыз халқының аузындағы сөз деуден аулақпыз. Алдағы уақытта Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшілігімен байланыс орната отырып, аталған ақындарға қатысты Қырғыз билігі тарапынан қандай шара қолданылғанын біліп, хабарлайтын боламыз.

https://www.youtube.com/watch?v=kLfLAYddhXU

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

Рекомендовать
Последние новости