Қылмыстық жолмен алған ақшаға мектеп салған: экс-шенеунік сотталды

Сағыныш Сардарова 04 июл. 2025 09:54

Шымкентте экс-шенеунік пен сыбайласы сотталды,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сот мәліметінше, Д. салалық министрлікте лауазымды тұлға бола тұра, 2016-2023 жылдар аралығында жәбірленуші Д.-ны алдау арқылы білім саласындағы бизнесіне қамқорлық жасауға уәде беріп, одан бірнеше рет ақша алған. Алаяқтық жолмен алған ақша 124 миллион теңгеден асып кеткен.

"Сотталушы Д. Шымкент қаласының аумағында жеке меншік жалпы білім беретін мектеп соғып, оны пайдалануға тапсырған. Осылайша сотталушы Д. қылмыстық жолмен алған ақшаны заңдастырған", - деп жазылған сот мәліметінде.

Одан бөлек тағы бір айыпталушы сотталушы Д.-ның өтінішімен жәбірленуші Д.-ға қатысты қозғалған қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылдатып беремін деп жәбірленушіден 10 миллион теңге ақша алған.

Сотталушылардың кінәсі толық дәлелденген.

Сот бұрынғы шенеунікті кінәлі деп танып, түпкілікті 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Оның сыбайласы да кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Дегенмен "Қазақстан Республикасының Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заңының талаптарына сәйкес Т.-ға тағайындалған жаза мерзімінің 1/3 бөлігі қысқартылып, түпкілікті 2 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындалды.

Жеке меншік жалпы білім беру мектебі жер телімімен бірге мемлекет пайдасына тәркіленді. Жәбірленушінің талап арызы ішінара қанағаттандырылды, оның пайдасына бұрынғы шенеуніктен 67,4 миллион теңге өндірілді.


Рекомендовать
Последние новости