ҚазҰУ-дағы плагиат: белгілі ғалымның еңбегі ұрланды (фото)

Dalanews 04 мар. 2017 16:27 1007

«Ұрлық түбі - қорлық». Бірақ, қазіргі ұрылар қорлық көрмейді. Ұрлаған сайын қызметі, лауазымы өсіп, атақ-даңқа бөленіп, жалғанды жалпағынан басып жүре береді. Бұл сипат басқа, басқа ғылымдағы ұрлықшылардың бүгінгі бейнесіне толық келеді.

Қазақ ғылымындағы ұрлық (плагиат) отандық ғылымның өзегіне түскен құртқа айналады. Ғалымның көз майын тауысып жазған, жылдар бойы ізденіп, жарыққа шығарған ғылыми еңбегін үтір-нүктесіне дейін көшіріп алып, өз атынан ұсынып, оны күмәнді жолмен қорғап ғалым атану қалыпты жағдайға айналды. Осылайша, ғылым саласындағы заң бұзушылық, қылмыс өршіп тұр.

Тіпті плагиат – ұрлығы дәлелденсе де ондай ғалымдарға еш шара қолданылмай, жазасыз сол бұрынғы лауазымында былқ етпей, түк болмағандай отыр. Бұл – қазақ ғылымының бетіне түскен шіркеу, сүйегіне түскен таңба.
Бұл дерттен Президент те хабардар. 22 ақпанда Ұлттық ғылым академиясының жалпы жиналысында сөйлеген сөзінде Н.Назарбаев: «Өкінішке қарай, ғылыми жұмыстарда плагиат жиі кездеседі, плагиат туралы хаттар да маған жиі келеді» деген еді. Ғылымдағы плагиатың етек жайып, әдеттегі нәрсеге айналғанына Елбасының сөзінен артық қандай дәлел керек!

Елбасы айтқан ғылымдағы плагиатқа еліміздегі ең ірі оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің басшысынан бастап, шатысқан. Кезінде ректор Ғалым Мұтановтың «Экономико-математические методы и модели», (Алматы: Қазақ университеті, 2011) аттығылыми еңбегіндегі плагиат дауы өршіп, бүкіл елге жайылған еді. Сөйтіп, Мұтанов ұрлығына қатысты мәселені қарау үшін сол кездегі білім және ғылым министрлігінде арнайы комиссия құрылған.

Комиссия ғылым еңбекті мұқият тексеріп, мынандай шешім шығарған: «Факты наличия дословных заимствований без ссылок на источники и без указаний авторов опубликованных произведений в монографии Мутанова Галыма «Экономико-математические методы и модели», Алматы: Қазақуниверситеті, 2011, полностью подтвердились в объеме 39 страниц текста, а также соответствующих формул и иллюстраций». Ал, сол комиссияның жетекшісі, сол тұстағы білім және ғылым министрілігінің ғылым комитетінің төрағасы Нұрлан Ыбырайым 2013 жылы bnews.kz тілшісіне берген сұхбатында былай дейді: «Так что решение комиссии указывает не только на подтверждение наличия плагиата в монографии Г.Мутанова, но и на прямое нарушение им казахстанского законодательства об авторском праве».

Мұның бәрі ашық дереккөздерде жарияланған материалдар. Біздің бұған алып қосарымыз жоқ. Шындық қай тараптың жағында екенін айту да біздің міндетіміз емес.

 

Құрманбаеваның күдікті ғылыми жұмысы




Таныс болыңыз, ҚазҰУ, биология факультеті, Биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасының меңгерушісі Меруерт Құрманбаева. Ректорын көрген кафедра меңгерушісі де ғылыми ұрлыққа барғанға ұқсайды. Нақты әрі соңғы шешімді ғылымдағы плагиат мәселесіне жауапты құзырлы орын – білім және ғылым министрлігі шығарар. Ал, біз қолымызға келіп түскен айғақтарды министр Сағадиев мырзаның назарына тартамыз. Президенттің өзіне мәлім болған ғылымдағы плагиатқа министрлік атүсті қарамайды деп ойлаймыз.

Сонымен, Меруерт Құрманбаева 2011 жылы «Ботаника және өсімдіктер биоалуантүрлілігі» атты оқу құралын шығарған. Бізге келген деректерге сүйенсек, бұл кітап А. Әметовтың «Ботаника»  және Н.Мухитдинов С.Айдосова, А.Бегеновтардың авторлығымен жарық көрген «Өсімдіктер морфологиясы және анатомиясы» еңбектерінен сөзбе сөз көшіріліп алынған плагиаттық жұмыс (суретті қараңыз).



Ал, бұл сөзімізге жоғарыда аталған еңбектерді салыстыры отырып, дәлел келтірейік. Мәселен, Құрманбаеваның «Ботаника және өсімдіктер биоалуантүрлілігі» кітабының «Қызыл балдырлар бөлімі»33 беттегі деректер А. Әметовтың 2005 жылы шыққан «Ботаника» оқу құралы кітабының 222 бетінен көшірілген. Мысалы, Әметовтың кітабындағы «Қызыл балдырлардың жалпы саны 4 мыңдай болады. Олар тропикалық және субтропикалық елдердің теңіздерінде, кейде климаты қоңыржай болып келетін облыстарда да кездеседі», «Қызыл балдырлардың талломы ұзындығы 2 метрге дейін жететін көптеген бұтақтанған жіпшелерден, сиректеу пластинка немесе жапырақ тәрізді құрылымнан тұрады» деген екі сөйлем (суретті қараңыз)



Құрманбаева құрастырған кітапта «Қызыл балдырлардың жалпы саны 4 мыңдай болады. Олар тропикалық және субтропикалық елдердің теңіздерінде кездеседі», «Қызыл балдырлардың талломы көптеген бұтақтанған жіпшелерден, сиректеу пластинка немесе жапырақ тәрізді құрылымнан тұрады» деп арасындағы бірер сөздерді алып тастап, сол қалпы пайдаланған (суреті қараңыз).



 

Дәл осындай айғақтың екіншісінде министрді алдына көлденең тартайық. Тағы да сол Әметов жазған кітаптың «Қоңыр балдырлар» бөлімінде (219 бет) «Түрлерінің жалпы саны 1,5 мыңдай болады. Қоңыр балдырлар бентостың маңызды компоненттерінің бірі болып табылады. Қоңыр балдырлар талломының бояуы сарғыштан қара-қоңыр тіптен қара-қышқыл түске дейін болады. Ол осы балдырлардың пигменттерінің хлорофилддің, каротиноидтардың, фукоксантиннің (қоңыр түсті) араласып келуінің нәтижесінде қалыптасатын түстер» деп басталатын бөлімдегі үш сөйлем (суретті қараңыз)



Құрманбаеваның оқу құралында «Түрлерінің жалпы саны 1,5 мыңдай болады. Қоңыр балдырлар бентостың маңызды компоненттерінің бірі болып табылады. Олардың талломының бояуы сарғыштан қара-қоңыр, қара-қошқыл түсті келуі пигменттерінің хлорофилддің, каротиноидтардың, фукоксантиннің (қоңыр түсті) орайласып келуіне байланысты» (суреттерді салыстыра қараңыз) деп кейбір сөздерді алып, қысқартылып көшірілгенін байқауға болады.



Меруерт Құрманбаеваның «Ботаника және өсімдіктер биоалуантүрлілігі» оқу құралындағы автордың рұқсатынсыз әрі сілтемесіз сөзбе-сөз көшірілген ғылыми деректер, терминдер, фотосуреттер молынан кездеседі. Әрбір көшірмені көрсету көлемді кітапқа жүк болар еді. Сондықтан, Құрманбаева  қай кітаптың нешінші беттеріндегі сөз-сөйлемдерді өзінің оқу құралының нешінші парағына көшіргені туралы салыстырмалы кестені ұсынып отырмыз (кестені қараңыз).

Беттердің сөзбе сөз сәйкестігі







Ал, ҚазҰУ елдегі жоғарғы санатты, «Ұлттық» мәртебесі бар оқу орын. ҚазҰУ-дың кафедра меңгерушісі осындай көшірме ғылыммен айналысып, ғалым атанып, лауазымы өсіп жатса, басқа оқу орындарынан не сұрауға болады. ҚазҰУ дың биология факультетіндегі көшірме оқулық бір ғана Құрманбаеваға ғана қатысты емес. 2014 жылы «Қанаевтар қайдан алған, қалай алған?» деген тақырыппен орыс тіліндегі плагиаттық оқу құралы жайлы Шорман Мұхитденұлының мақаласы жарық көрген. Онда автор Қанаевтар құрастырған оқу құралының плагиат екенін талдап көрсеткен еді. Енді міне, Қанаевтардың ізін ала Құрманбаева шықты.

Айтпақшы, Қанаев та Құрманбаева сияқты биология факультетінің Биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасының меңгерушісі болған. Бұған қарап, кафедра меңгерушілері ғылыми еңбектерді ұрлаумен айналыса ма деген ойға қаласың...

Плагиат – ғылымның басты жауы

Біздің ше, білім және ғылым министрлігі ғылым саласындағы плагиат мәселесімен жүйелі түрде айналысуы өте қажет. Өйткені, плагиат – отандық ғылымның өзегіне түскен құрт. Көшіруші «ғалымдар» ғылымның түбіне жетіп қана қоймайды, қазақ ғылымының халықаралық дәрежедегі мәртебесін түсіреді. Халықаралық демекші, қазақстандық ғалымдардың еңбегі сілтеме жасау Н индексі бойынша 68 орында екен. Сарапашылар мұны өте төмен деңгей деп отыр. Біздің ғалымдардың еңбектеріне қарағанда Нигерия мен Эфиопия елдерінің ғалымдары еңбектеріне көп сілтеме жасалып, жақсы бағаланады. Қазақстан неге 68 орында, неге Нигерия мен Эфиопияның шаңын қауып қалған? Өйткені, біздің ғылым плагиат көз ашпай отыр. Соның бір дәлелі біз сөз етіп, айғақ-дәлел келтірген Меруерт Құрманбаеваның оқу құралы.

Мұндай өзекті әрі маңызды мәселені Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев қараусыз қалдырмайды деп үміттенеміз!

Нұра Матай

ДЕРЕККӨЗ: Abai.kz

Материалда пайдаланылған сілтемелер:

"Назарбаев - ученым: Нередко мне сообщают о плагиате научных статей" 

inform.kz/ru/nazarbaev-uchenym-neredko-mne-soobschayut-o-plagiate-nauchnyh-statey_a3001881

"Плагиат Г.Мутанова полностью доказан - Нурлан Ыбырайым" 

bnews.kz/ru/news/obshchestvo/plagiat_gmutanova_polnostu_dokazan__nurlan_ibiraiim-2013_09_02-1021361

А. Әметов «Ботаника» оқу құралы, 2005 жыл

Н.Мухитдинов С.Айдосова А.Бегенов «Өсімдіктер морфологиясы және анатомиясы» оқу құралы, 2001 жыл

М.Құрманбаева «Ботаника және өсімдіктер биоалуантүрлілігі», 2011 жыл

Рекомендовать
Последние новости