ҚазҰУ-да Қытай-Орталық Азия жоғары оқу орындарының форумы өтті

Dalanews 16 окт. 2023 04:36 1241

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Бір белдеу – бір жол» бастамасының 10 жылдығына орай Қытай-Орталық Азияның жоғары білім беру саласындағы «Төртінші өнеркәсіптік революция: индустрия мен білім берудің интеграциясы» атты ынтымақтастық форумы өтті.

Ауқымды шараға ҚР Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмет-Заки, Алматы қаласындағы ҚХР Бас консулы Цзян Вэй, Сиань Цзяотун университетінің Президенті Ван Шугуо, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, ҚазҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, шетел дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекеме басшылары, ҚХР және Орталық Азия жоғары оқу орындарының ректорлары, ғалымдар, оқытушылар мен білім алушы жастар қатысты.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың форумға қатысушыларына жолдаған құттықтау хатын Мәлік Отарбаев оқып берді. Құттықтау хатта: «Төртінші өнеркәсіптік революция: Индустрия мен білім интеграциясы» форумы білім мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін академиялық әлем мен өндіріс арасындағы көпірге айналады. Қытай мен Орталық Азияның жоғары оқу орындары форумы өнеркәсіп пен білім интеграциясы үшін өзара байланыс құруға, университеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға жол ашады деп сенемін», - делінген.

Өз кезегінде ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмет-Заки бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталды.

«Цифрлық әлем дәуірінде университеттер инновациялар мен технологияларды дамыту мен қолдануда маңызды рөл атқарады. Бұл бағытта қазақстандық жоғары оқу орындары білім және ғылыми-инновациялық процеске инновациялық технологияларды енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. ҚазҰУ-да өтіп жатқан форум Қытай және Орталық Азия елдерінің жоғары оқу орындарының тығыз қарым-қатынас орнауына және нығаюына үлкен сеп болатыны сөзсіз. Сонымен қатар университеттер арасында оқытушылар мен студенттер алмасуға, тәжірибемен бөлісуге, ғылыми жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деді вице-министр.

Форумда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев сөз сөйледі.

«Бүгінгі шара университеттер арасындағы білім және ғылым саласы бойынша ынтымақтастықты арттыруға бағытталған. Орталық Азия елдерінің Қытаймен ынтымақтастығын дамыту барысында «Бір белдеу - бір жол» бағдарламасының маңызы зор.  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ БҰҰ-ның тұрақтылық жөніндегі «Академиялық ықпал» бағдарламасының Жаһандық хабын тұрақты басқаратын Қазақстан Республикасының жетекші жоғары оқу орындарының бірі бола отырып, Ыстамбұл және Бішкек қалаларында өз филиалдарын ашты. Жуырда ҚазҰУ базасында Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалы ашылды», - деді ректор.


Сондай-ақ шара барысында Сиань Цзяотун университетінің Президенті Ван Шугуо: «Қазір технологияның дамыған уақыты. Ғылым саласы  күн сайын өзгеріп, жаңа технологиялар шығып жатыр. Сол себепті Қытай және Орталық Азия елдеріндегі жоғары оқу орындары бірлесіп, болып жатқан өзгерістерді тез меңгеріп, заман ағымымен бірге жүруіміз қажет. Елдеріміз достық қарым-қатынаста. Бәріміздің мақсатымыз бір. Қазіргі таңда біздер ғылым және білім саласы бойынша өзгерістерге бейімделуіміз керек», - деп өз ойын ортаға салды.

Соңында форум қорытындысы бойынша «Almaty» Консенсусына қол қойылып, келесі төрағалық етуші ЖОО анықталды.

 

Рекомендовать
Последние новости