ҚазҰУ-да Мухаммад Али Джинна орталығы ашылды

Dalanews 11 июл. 2019 07:22 889

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Мухаммад Али Джинна атындағы орталықтың салтанатты ашылу рәсімі өтті.  Аталмыш шара шығыстану факультетінде Қазақстандағы Пәкістан Ислам Республикасының Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Мухаммад Али Джинна – Пәкістанның іргетасын қалаушы және бірінші генерал-губернатор - ұлт Әкесі ретінде құрметтеледі, Британдық Үндістанның бөлінуін жақтаған ең белсенді қатысушылардың бірі, аса ірі мұсылман саяси қайраткері.



Бұл шараның ашылу салтанатына университет ректоры, академик Ғалым Мұтанов, Пәкістан Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Имтиаз Ахмад Кази, Пәкістан Ислам Республикасының Энергетика және Мұнай Министрі Омар Аюб Хан мырза, Пәкістанның Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Коммерциялық консулы Басит Салим Шах, KAZ-PAK ассоциациясының Президенті Хабиб ур Рахман, Пәкістан Ұлттық Банк басқармасының төрағасы Рафик Мухаммад, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы Пәкістан қауымдастығының өкілдері, шығыстану факультетінің профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.

Орталықтың ашылу салтанатында сөз алған ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасын көп жылғы достық қарым-қатынастар байланыстырып, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін жаңа серпін алғандығын атап өтті.


Пәкістан Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мемлекеттердің бірі болды. Ол өз уақытында үнді мұсылмандары үшін жеке мемлекет құруға шақырған Мухаммад Әли Джиннаның орталығы бірегей әрі екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.



«1992 жылдың 24 ақпанында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Пәкістан Ислам Республикасына ресми сапары кезінде дипломатиялық және консулдық қатынастар орнатылды. Бұл маңызды қадам ҚазҰУ-да шығыстану факультетінде урду бөлімшесінің ашылуына ықпал етті. Сол уақыттан бастап шығыстану факультетінде урду тілін білетін 50-ден астам маман даярланды. Қазіргі таңда факультетте урду тілі мен әдебиеті бойынша 10 – нан астам студент білім алуда», - деді ҚазҰУ ректоры.

Қазіргі таңда университет факультеттерінің ғылыми мекемелермен және Пәкістанның белгілі ғылым қайраткерлерімен ынтымақтастық қарқынды түрде өрбуде.


Мәселен, өткен жылы ҚазҰУ-ға Қараши университетінің Халықаралық химия және биология ғылымдары орталығының директоры, профессор Мухаммад Икбал Чаудхари, ғалым Ахмад Хан Ашик ғылыми-инновациялық зерттеулерді жүргізуде өз тәжірибелерімен бөлісіп, университетіміздің құрметті қонағы болды.

ҚазҰУ мен Карачи университетінің Халықаралық химия және биология ғылымдары орталығының бірлескен жобасы - инновациялық зерттеулердің ғылыми зертханасы-Оңтүстік COMSATS елдерінің тұрақты дамуына арналған Ғылым және техника жөніндегі комиссияның көмегімен жүзеге асырылды. Орталық тиімді фитопрепараттарды өндіруге бағытталған іргелі зерттеулер жүргізеді.

Аталмыш орталықта ҚазҰУ-дың 20-дан астам қызметкері ғылыми тағылымдамадан өтті. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде үш докторлық диссертация жазылып, 10 кандидаттық және 3 PhD диссертация қорғалды. Ғылыми еңбектердің қорытындысы Thomson Reuters Scopus, Chem.Pharm, Bul, Planta Med, Journal Ethnorpharmacology сынды мамандандырылған журналдарында жарияланды.

ҚазҰУ-дың үш магистранты Қараши қаласының Халықаралық орталығында ғылыми-зерттеу тағылымдамасынан өтсе, ҚазҰУ-дың Биология және биотехнология факультетінде бір Пәкістан PhD докторанты білім алуда.

Өз кезегінде Имтиаз Ахмад Кази мырза ҚазҰУ ұжымына алғысын білдірді. Ол орталықтың ашылуы қос ел арасындағы ынтымақтастықты сапалы әрі жоғары деңгейге көтеріп, әлемдік ғылым-білім қоғамдастығына тиімді ықпалдасуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

 

Рекомендовать
Последние новости