Қазақты тонаған 500 адамның тізімі әзірленді

Азамат Қойшығара 05 февр. 2024 15:37 32946


Алматыда өткен «Elge Qaitaru» қоры «Активтерді қайтару: практикалық шешімдерді іздеу, құқықтық аспектілер, халықаралық ынтымақтастық және жаһандық тәжірибе» атты дөңгелек үстелде біраз ақпараттың шеті шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz


Еске сала кетсек, Қаңтар оқиғасынан кейін елде олигархиямен күрес  басталып, халыққа ұрланған дүниені қайтару мақсатында «Elge Qaitaru» атты қоғамдық қор пайда болған еді. Оның құрылтайшылары бизнесмен және саясаткер Болат Әбілов пен банкир Оразалы Ержанов бекітілді. Олардың серіктестерінің ішінде қоғам қайраткері Сергей Дуванов, журналист Асылбек Абдулов және құқық қорғаушы Евгений Жовтис те бар.


Тіпті, былтыр заңсыз активтерді қайтару туралы Парламент арнайы заң да қабылдап, «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға президент 2023 жылғы 12 шілдеде қол қойды. Заң нормаларына сәйкес, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын (атқарған) субъектілерге, мемлекеттік заңды тұлғаларға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, сондай-ақ аталған тұлғалармен аффилирленген субъектілерге қолданылады.


Яғни, заң бойынша 100  млн доллары бар байлар ғана тексеріледі. Активтерді қайтару жұмыстарын Бас прокуратура тексеріп, мемлекеттік органдардың ақпараты және заңнамада тыйым салынбаған басқа да көздер негізінде мониторинг пен талдау жүргізеді. Алайда, заңсыз активтерді қайтару ерікті түрде немесе еліміздің, шет мемлекеттердің құзыретті органдарының шешімдері негізінде мәжбүрлі түрде жүзеге асырылуы мүмкін. Бірақ бұған күмәнмен қарайтындар көп. 



«Elge Qaitaru» қорының басшысы Болат Әбіловтің айтуынша,  30 жылдың ішінде Қазақстаннан оффшор арқылы миллиардтаған доллар қаражат шығарылды. «Бұл сомаға қаншама мектеп пен аурухана, басқа да әлеуметтік нысандар салуға болатын еді. Елімізде активтерді қайтару тәжірибесі бұрын-соңды болған, енді тек оны пайдалану қажет» десе, құқық қорғаушы Евгений Жовтис: «Активтерді қайтарудың екі аспектісі бар, ол – саяси және құқықтық. Біріншісі, ішкі саяси контексте жатыр. Яғни, биліктегі элиталық топтар жемқорлықпен шынайы күресуге және заң қағидаларын толық сақтауға дайын ба? Жемқорлардың барлығы қудалана ма, әлде  «таңдаулылардың» ғана соңына түсе ме? Бізден шыққан ақша қазір шетелдің банктерінде сақтаулы. Бұл активтерді сол елдер, мысалы, АҚШ, Еуропа немесе Парсы шығанағы елдері Қазақстанға беруге дайын ба? Біріншіден, заңсыз баюға қандай мүліктер не активтер жататынын анықтап алу қажет. Оны анықтайтындар заң үстемдігі мен әділ сот ісін жүргізу қағидаттарын қатаң сақтауы тиіс әрі тәуелсіз болуы керек. Ал қазіргідей жағдайда Қазақстанның сот жүйесіне мен сенбеймін» дегенді айтты.



Ал мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи бүгінде 344 жылжымалы және жылжымайтын мүлік объектісі анықталды, оның ішінде 131 нысан шетелде тіркелгенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, 448 млрд теңге болатын құнды қағаздар шетел банктерінде жатса, 220 триллион теңге болатын банктік трансакциялар, оның ішінде 1,4 триллион теңгенің күдікті трансакциялары зерттеліп жатқан көрінеді. Оның айтуынша, тиісті комитет құрылса да, барлық жұмыс жабық есік жағдайында жүргізіліп жатыр екен.



«Ал бұл жерде басты мәселе Назарбаев әулетінде. Билік қудалау процесінен бұрынғы президенті әдейі аластатып жатыр ма деген күдік бар. Ендігі мәселе осы заңға өзгеріс енгізуде. Менің басты ұсынысым –тексерілуге ​​тиістілердің тізімін Парламент бекітсін. Бірақ бұл ұсыныс өтпей қалды. Осыдан кейін ескі жүйенің билікті әлі де уысында ұстап отырғанына менің күмәнім қалмады», – деді депутат.



Қоғам белсендісі Санжар Боқаев Активтерді қайтару комитеті жұмыс істей бастағалы бері мүлікті сыртқа шығарды деген күдікке ілінген 500 адамның тізімі әзірленгенін жеткізді.



«Осы тізімді көпшілікке жариялайық, қазақстандықтардың өздерін жылдар бойы кімнің тонағанын білуге ​​құқығы бар шығар. 500 адамнан тұрағатын тізімге Нұрсұлтан Назарбаев және оның айналасындағы Жақсыбековтер, Маминдер, Байбектер кірсін. Билік осылай жасаса ғана халық алдында таза болады. Шетелдік виллалар, яхталар мен сарайларға жұмсалған қаражатты мен елде зауыт, фабрикалар салуға, жұмыс орындарын ашуға жұмсағанды қалар едім. Шетелден қайтарылған қаражатты зейнетақы қорына аударуға болады немесе арнайы қор құрып, қоғам бақылауына беруге болады» деп кесіп айтты.            



 «Стратегия» әлеуметтік саяси зерттеу орталығының президенті Гүлмира Илеуова халық биліктің бәрін  ұры және жемқор деп санайды. Өйткені Үкіметке сенбейді. Жақсы, ақшаны шетелден қайтардық делік. Мұндай оқиғалар қайталанбауы үшін заң жұмыс істей ме? Халыққа осы жағын түсіндіріп айтуымыз керек» деді пікірінде.


Алайда, «Elge Qaitaru» қорының басшысы Болат Әбілов сөз соңында қор жұмысын бастағалы бері біраз мекемеге хат жазғанын, бірақ күштік құрылымдар мен прокуратура қордың ресми хатын елеусіз қалдыруға тырысатынын қаперге салды.



«Біздің сауалдарымыз «Назарбаев әулеті» Еуразиялық топ, «Қазақмыс» компаниясына қатысты еді. Өйткені біз тек ірілерін ғана қарастырып отырмыз. Біз мемлекеттік органдардан алған барлық ақпаратты жариялауға дайынбыз. Меніңше, бұл процесс Қазақстанның ұрланған мүлкін қайтару ғана емес, сонымен бірге қоғамдық-әлеуметтік және тарихи әділеттілікке деген сұранысты орындау болып саналады. Біздің «Elge Qaitaru» қоғамдық қоры бұл процестерде қалыс қалмай, халыққа пайдалы жұмыс істеуге әрқашан дайын» деп түйіндеді.



 


 


 


 



Рекомендовать
Последние новости