Қазақты сүйетін бір танысым баласын орыс балабақшасына беріпті

Dalanews 25 нояб. 2018 06:55 863

Біз неге қатты өзгердік?..

1. Бір ай бұрын көлігімді жөндеттім. Менен бұрын біреу келіп алған екен. Өңкиген дәу қара Жипін жоғарыға асып қойды да, Талдықорғаннан таң қараңғысында шығып, жетіп келгенін айтты. 2 сағатқа жетер-жетпес уақытта Алматыға кіріп үлгеріпті.

"Мен мәшиненің алдыңғы нөмірін алып тастаймын да, басамын ғой. Нөмірді алып тастасаң, рахат, жолдағы камераларға түспейсің" деп қояды... Осы да мақтан ба?


Түріне қарасам, түк қысылатын емес. Мігіттің сөзін айтып тұр бірақ. Осыдан 10 жыл бұрын ғана мұндай әңгіме айту кез келген еркектің сүйегіне таңба еді...


2. Қазақты сүйетін бір танысым баласын әлде аралас, әлде таза орыс бақшасына беріпті. "Тілі жаңа шығып келе жатыр, "бір, два, үш, четыре" деп қатырады" дейді. Түрінде еш қысылу жоқ.


"Үйбай-ау, орысшаға неге бердің?" деп шыр ете қалсам, "ой, кезінде орысшадан қиналдық қой" дейді. Басын жарып жібергім келді.


Әй, орысшаға тілі келмесе, өзінікі келмеді, баланың жазығы не? Оның миын атала көже қылатындай не жазығы бар? Сондықтан кезінде орысшадан қиналғандар, ескертемін, балаларыңыз өзіңіздей дарынсыз, қабілеті төмен деп ойлап қалмаңыздар. Олар мобильді заманның ұрпағы, қажеттігіне орай 4-5 тілді еркін меңгереді. Бірақ тілі қазақша шығуы, қазақты түсінуі шарт!


3. Біздің құрдастар мен тұстастар да құда атана бастады. Қыз алып, қыз беріп жатыр.

Жақында сондай бір тұстасым қызын әкесі жоқ балаға бергісі келмепті. Не деген комплекс бұл?


Мысалы, мен де әкемнен 9 жасымда айырылып қалдым, соған кінәлімін бе? Әкесіз баланың алдына кім шығыпты, болашағын кім көріп келіпті? Қайта ұрпақтың теңін тапқанына риза болып, бата беріп, әрі қарай өмірлерінің жақсы үйлесіп кетуіне дәнекер болмаймыз ба?..

Есей Жеңісұлы,


Фейсбук парақшасынан


Рекомендовать
Последние новости