"Қазақтелеком" акциялары арзандап жатыр: KASE сауда-саттықты бүгін де тоқтатты

Кәмшат Тілеухан 26 мая 2025 16:37

Бүгін Астана уақытымен сағат 11:30-да Қазақстан қор биржасы (KASE) "Қазақтелекомның" артықшылыққа ие акцияларының бағасы 52,71% - ға төмендеп, соған байланысты сауда-саттық кілт тоқтатылды, деп хабарлайды Dalanews.kz қор биржасы ұсынған ақпаратқа сілтеме жасап. 

"Қазақтелекомның" акциялары "премиум" санатындағы KASE-нің басты алаңында орналасқан.

"23 мамырда жасалған бағалы қағаздар сауда-саттығы бойынша соңғы мәміледе бір акция бағасы  50 330,00 теңгені құраған. Ал 26 мамырда 23 800,00 теңге бағамен жасалған мәміле соң сауда-саттық тоқтатылды", делінген хабарламада.

Сауда-саттықты тоқтату ішкі ережелерге сүйенеді, оған сәйкес сауда-саттық алдыңғы сауда күні жабылған кезде қалыптасқан бағаға қатысты акциялардың құны 30 пайызға немесе одан да көп төмендегенде тоқтатылуы мүмкін. Бұл жағдайда сауда-саттықты тоқтата тұру KASE сауда жүйесінде автоматты түрде жүзеге асырылады.

Айта кетсек, 2025 жылдың 22 мамырында KASE "Қазақтелекомның" жай акциялары бойынша сауда-саттықты кілт доғарып, бұл жайтты бағаның бір күн бұрынғысынан 31,5%-ға төмендеуімен байланыстырды.

"2025 жылдың 21 мамырында жасалған келісімшарттарда аталған бір жай акцияның құны 58 400 теңге болған, ал 22 мамырда сауда-саттық тоқтатылған кезде жасалып үлгерілген мәміледе бір акция құны шамамен 39 999 теңгені құраған. Ол кезде де сауда-саттықты тоқтатуға тура келген", делінген биржа хабарламасында.

2025 жылғы 1 сәуірдегі KASE деректері бойынша, "Қазақтелеком" АҚ-тың мажоритарлық акционері "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ болып табылады (жай акциялардың 80,85%-ы немесе барлық акциялардың 71,32%-ы). Telecom Systems LTD жекеменшік компаниясына 9,19% жай акциялар немесе барлық акциялардың 8,1%-ы тиесілі. 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, "Қазақтелеком" АҚ-тың 10,7 млн қарапайым және 298 785 артықшылыққа ие акциялары айналымда жүр.

Бұған дейін сайтымызда 2025 жылдың І-тоқсанында Қазақстандағы нақты айлық жалақы көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,2%-ға өскенін, жалақы өсімінің негізгі драйвері – телекоммуникация саласы екенін жазғанбыз.


Рекомендовать
Последние новости