Қазақтарды "шпион" деп атауға қарсымын

Dalanews 16 апр. 2018 09:01 761

Соңғы уақытта Қытайдағы қазақтардың жағдайы тым ауырлап кетті. Қытай қысымы басталғалы бір жылдан асты.

 Бастабында уақытша құбылыс деп болжанған еді. Олай емес, Қытай темір тегеруірінін уақыт өткен сайын үдетіп барады. Несін жасыралық, алғашқыда бұл аз уақыттық саяси науқан шығар деп ойлағамыз. Жоқ, бұл жоспарлы саяси шешім екенін уақыт дәлелдеп отыр. Сонау кезде-ақ, Қытай үкіметі қазақты террорист, экстремистердің сапына қоспақшы деп ұран тастағандарға біз де күмәнмен қарадық. Екі елдің ортасында шаңдатып арлы-берлі өтіп жүргендердің қатары сиресе де, өз көзімізге өзіміз сенбедік.

Қазір 1,5 миллионнан артық қазағы бар Шынжаң өлкесінен келетіндердің қатары сұйылып, мүлдем азайып кетті. Көш басыбүтін доғарылды деуге болады. Паспорттары жиналып, Қазақстанға келіп кеткендер, осы жақтағы бауыр-туысымен сөйлескендер, намаз оқығандар, үйіне Құран Кәрімді, діни оқулықтарды, ескі кітаптарды сақтағандар, ол түгіл Айтматов, Шаханов бастаған Қазақстан мен өзге түркі жұрағаттардың ақын-жазушыларының кітабын оқығандар да тергеуге алынып, алды саяси лагерге қамалып жатқаны шындық екеніне көзіміз жетті.
Молда-қожалардың бірен-сараны түрмеде қайтыс болды деген ақпарат та көп. Қолына қалам ұстағандардың біразы түрмеде отыр дейтін ақпарат та тарай бастады. Жүрегің ауырады.

Бұл саяси әпербақандық кесірі ол жақтағы ағайынға ғана емес, Қазақстанға Қытайдан көшіп келген 150 мыңға тақау қазаққа да оңай соғып жатқан жоқ. Бәрінің арғы бетте бауыр-туысы, жұрат-жегжаты бар. Олардың аман-есендігінен хабар алу да мүмкін емес болып барады.

Осы оқиғаға байланысты Қазақстанға көшіп келген ағайынның өзара дүрдараздығы күн санап күшейіп барады. Әртүрлі өсек-аяң, алыпқашпа әңгіме, жадағай сөз, жалаң ұран орталарына от салып, бірін бірі жау көретін жағдайға жетті.

Әсіресе, "Сен - шпионсың", "жоқ, ол - сатқын" дейтін дәлелсіз-дәйексіз өсек өрттей лаулап тұр. Бірі қарсы тарапты мұқалту үшін ойжота айтса, енді бірі дүрмекке ілесіп, өзін батырсынып, "Уатсап" арқылы әңгіме айтуды мақтан көретіні де байқалады. Осыны оңды пайдаланып отырған "жасырынбақ" ойыншылары екі ортаға от лаулатып, соны қызықтап отыр.
Әрине, Қытайдың шпионы жоқ дегенге ешкім сенбейді. Қытайдың шпиондық әркеті заманауи технологиямен бірге дамып, жасарып келе жатқаны әмбге аян.

Еуропа, АҚШ, Азия елдерінің кез келгенінде олардың шпиондары мол, алды ұсталып, қамалып жатыр. Біздің елімізде де олар жоқ деп айта алмаймыз. Бар.

Оларды анықтау ауыл-ауылда жатқан оралман ағайындардың міндеті емес, құзырлы орындардың шаруасы. Біздің құзіретті мекеме ай қарап, жұлдыз санап отырған жоқ. Сондықтан, халық арасына орынсыз үрей туғызып, Қытайдың жалдамалылары қаптап жүр деген сарындағы ақпаратты тым ұшындырып, кез келген әңгімеге қыстыру елге пайдасыз.

Оралман ағайындардың зар-мұңы үшін әртүрлі тәсілмен күресуді құп санайтын топтарға барынша ынтымақ, ауыз-бірлік керек екенін түсінетін уақыт жетті. Бұдан ешкім ұтпайды, қазақ, онда да оралман ағайын өзі ұтылады.

Жарқын Жеті, Қыдырәлі Оразұлы, Қайрат Байтолла секілді белсенді азаматтар мен Омарәлі Әділбекұлы, Рахым Айыпұлы бастаған "Жебеу" ұйымының өкілдері ішке күлкі, сыртқа таба болмаудың қам-қарекетін ортақ ақылдасып шешсе екен деп тілейміз.

Шынымен де, қазір жасырын атпен осы екі топтың ортасына жанамалап кіріп, біресе ол жақтың, біресе бұл жақтың пікірін қостағансып жүрген мысықтілеулес фейктер көп. Солардан сақтану керек.
"Сен - шпионсың" дегеннен қандай пайда түседі? Бұл жергілікті халыққа күмән-күдік ұялатпай қоймайды. Онсызда кеңестік идеологияның секемшіл саясатын бойына жинаған жұрт, интернетте өріп жүрген "шпион" туралы әңгімеге имандай ұюы мүмкін. Бұдан кімге пайда бар?

Мен, өз басым, қазақтарды шпион деп атауға қарсымын. Иә, шіріген жұмыртқа қайдан болсын шығады. Оны бүкіл халыққа таңып, ақпарат әлемін шаңдату кісіліктің нышаны емес.

Аяулы аға-бауырлар, бір-бірімізді өсектемей, өзіміздің негізгі мақсатымыздан айнымай қарекет етсек екен. Өсек пен даудың "қызығына" батып, Қытайдағы шын қиын халде қалған ағайынды ұмытып кететін кейбір кезіміз жан сыздатады.

Шешенсу мен көсемсу оңай, бірақ әрбір сөзіміздің белгілі бір тағдырларға кесірі боларын ойласақ етті.

Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ


Рекомендовать
Последние новости