Қазақтар мен дүнгендердің арақатынасының нашарлауына не әсер етті

Dalanews 11 февр. 2020 07:24 1117

Қордайдағы жанжалды бүгінде «ұлтарылық араздық», «бұзақылық» деп бағалап жатыр. Біздіңше, бұл оқиғаның астарында әділетсіздік жатыр. Кез келген қоғамда әділеттілікті орнатушы, қорғаушы билік екені белгілі. Осы тұрғыдан алып қарасақ, қантөгіске ұласқан жанжалдың тұтануына жергілікті билік орындарының салғырттығы (әділетсіз әрекеті демей-ақ қоялық) себепкер болғаны анық.

Көрер көзге жергілікті билік орындарының бұл жерде қандайда бір қатысын байқау қиын екенін түсінеміз. Бірақ негізгі жауапкершілік жергілікті билік орындары екенін ұмытпауымыз керек.

Ол – Қордай ауданы әкімдігіне қарасты бөлімдер мен жергілікті ішкі істер органдары. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде атап көрсетті.

Бүгінде Жамбыл облысы әкімі Асқар Мырзахметовтан бастап, Қордай ауданы әкімдері қызметтерінен кетті. Әкім-қараларды қызметінен алып тастағанымен мәселе өзгере ме? Иә, өзгеруі мүмкін.

Бұл үшін Сапарбаев бастаған азаматтар жергілікті жерде әділдіктің салтанат құруы үшін жұмыс істеуі керек.

Бұл оқиға жайында белгілі журналист Марат Тоқашбаев мырза ғана көңілге қонымды ой айтты. Ардагер журнаист өзінің Фейсбук парақшасына жариялаған пікірінде «Бұл – мемлекет құраушы ұлт пен диаспораны теңестірген саясаттың «жемісі» деді. Өз басым әріптес ағамыздың бұл ойын орын алған ахуалға дәл қойылған диагноз деп қабылдадым.


Қордайдағы қазақтар мен дүнгендердің арақатынасының бұлайша нашарлауына жергілікті билік орындары кінәлі. Енді осыны тарқатып айтсақ.

Қордайдағы жанжал ушыққан кезде ақпарат құралдарында дүнгендер шоғырланған ауылда жастардың қазақ тілі сабағына аса қызықпайтыны жайындағы ақпаратты көзіміз шалып қалды.

Дүнген жастарының қазақ тіліне сабағына қызықпағаннан кейін оған қатыспайтыны да белгілі.

Өйткені, олар қазақ тілін білмесе де Қазақстанда күн көретіндеріне сенімді. Ал біздер болсақ, оларға қазақ тілінің қажеттілігін сезіндіре алмадық. Бұл біздің, яғни, биліктің кемшілігі.

Негізгі әңгімеге қайта оралсақ, осы жағдайда Қордайдағы қарапайым қазақтар білді. Қарапайым адамдар өз арасында әңігме қылған дүниені, Қордай ауданы білім бөлімі басшыларының білмеуі мүмкін емес. Бірақ олардың бұған қатысты қандай шара қабылдағанын (мүмкін қабылдамаған да шығар) ешкім білмейді.


Қазір жауырды жаба тоқып, болған жайтты ұмыттырып жіберетін заман емес. Әлеуметтік желі дамыған кезде мұндай жайттар жұрт назарынан тыс қалмайды.

Дүнген жастарының осы әрекетін дүнгеннің үлкендері білмеді деп те айта алмаймыз. Олар да білді. Бірақ істің байыбына барып, жастардың бұл әрекеті дұрыс емес екенін ешкім айтпады. Қалыптасқан жағдайды бағалай алмады.

Қазақ тіліне қатысты осындай көзқарастың қалыптасуына жергілікті қазақтардың ашуын туғызуы мүмкін бе? Мүмкін. Бұл ретте кез келген істі байбына жетіп, оқыс жағдайдың алдын алуға міндетті жергілікті білім бөлімі басшылары мен мектеп директорының алаңсыз жүргенін қалай түсінуге болады?


Иә, бұл жайт Қордайдағы жанжалдың ушығуына әсер еткен негізгі фактор емес шығар. Бірақ бұл оқиғаны ушықтырған көп себептердің бірі екенін ешкім де жоққа шығармайды.

Дәл осындай жағдай тек Қордайда ғана емес, басқа өңірлерде де кездесуі мүмкін.

Сондықтан ҚР Білім және ғылым министрі еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің жастарының қазақ тілі сабағын қалмай қатысып, қазақ тілін үйретуге күш салуы керек.

Біздің қоғам қазақ тілін білетін өзге ұлт жастарын қаншалықты құрметтейтінін көпшілік жақсы біледі. Бұл ретте Майя Веронская, Оксана Лоскутова, Максим Рожин сынды журналистердің аты-жөнін атасақ жетіп жатыр.


Олар қазақ тілінің білгенінің арқасында бір-бір арнаның бет-бейнесіне айналды.

Еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің жастары осы аға-әпкелері сияқты қазақ тілін білуі азматтық борышы екенін сезінуі тиіс.

Бүгінде жоғарыда атын атаған журналистер қазақ тілін біліп, үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Олар өзге ұлт өкілдерінің кумиріне айналуы тиіс.

Самайын қырау шалып, жасы жер ортасына келген өзге ұлт өкілдері Кеңес заманында қазақ тілін үйренуге ешқандай мүмкіндіктің болмағанын айтып жылдар бойы ақталып келді.


Олардың уәжіне билік те, халық та түсіністікпен қарады. Соңынан ерген ұрпақтары қазақ тілін үйреніп, қатарымызға қосылар деп үміттенді.

Қазақстанды Отаны санайтын кез келген азамат қазақ тілін үйренуге күш салуы керек. Өзге ұлт өкілдерінің жастарына алдағы уақытта «сұрақ» төтесінен қойылғанда «Кеңес заманында қазақ тілін үйренуге ешқандай мүмкіндік боламады» деп ақтала алмайды. Мұндай тізесі шыққан жауапты жұрт естігісі де келмейді.

Қазір Үкімет өзге ұлт өкілдерін былай қойып, қазақ тілін білмейтін қазақтардың да қазақ тілін меңгеруіне барынша жағдай жасап отыр. Қазақ тіліндегі балабақша, мектеп әр ауданнан табуға болады.


Сондықтан тіл үйрену керек. Бұл – талап емес, бұл – заманның сұранысы. Қазақ тілін білетін адам мемлекеттік қызмет пен бизнес те де табысқа жетіп, биікті бағындыра алады.

Еркін ойлы дүнген жастары қазақ тілін үйреніңіздер. Кешегіндей қанды қақтығыстан бізді тіл ғана құтақарады. Өйткені, тіл бәрімізді ортақ мақсатқа жетелейтітін құдіретке ие.

Сол себепті ҚР Білім және ғылым министрлігі өзге ұлт өкілдері жастарының қазақ тілін үйрететін қосымша үйірмелер ашып, үлкен қауіпті алдын алуы керек деп есептейміз.

Нұрлан ЖҰМАХАН, журналист.

Рекомендовать
Последние новости