«Қазақстанның Болашақ энергиясы» байқауы мәресіне жетті

Dalanews 15 июн. 2017 11:39 828

Астанада ЭКСПО көрмесі өтуде. Көрменің аясында өткізіліп жатқан шаралар да жетіп артылады. Солардың бірі Шеврон компаниясы қолдау көрсеткен "Қазақстанның болашақ энергиясы" байқауы.


Осыған орай Тұңғыш Президент атындағы кітапханада балалар мен жасөспірімдерге арналған "Қазақстанның Болашақ энергиясы" республикалық конкурсының қорытындысына арналған көрменің салтанатты ашылуы болды.


Шара аясында байқау жеңімпаздарының аты-жөндері белгілі болып, байқауға қолдау көрсеткен "Шеврон" компаниясы мен ЮНЕСКО клубы – балалар шығармашылық мектебі жарыс жеңімпаздарын марапаттады.



Біздің компаниямыз Қазақстанға 1993 жылы келді. Біз Қазақстанның тарихындағы тәуелсіз елдің алғашқы жылдағы бастамаларына барынша қолдау көрсеткен ірі инвестордың біріміз, – деді шараның шымылдығын түрген "Шеврон" компаниясының өкілі Лейла Айтмұқанова.


Оның айтуынша, болашақ энергиясы адамдардың қолымен жасалады. Осының арқасында өміріміз өзгереді.




Қазақстанға келген алғашқы күндерден бастап біз бүлдіршіндерге арналған жобаларға қолдау көрсетіп келеміз. Бұл жоба "Шеврон" жүзеге асырып жатқан көптеген әлеуметтік жобалар сияқты ерекше маңызға ие"



деді Лейла Айтмұқанова.


Ал Астанада ЭКСПО көрмесі өтіп жатыр. Көрме 10 қыркүйекке дейін созылады. Өздеріңіз білетіндей көрменің тақырыбы "Болашақ энергиясы" және соның аясында туындайтын түрлі жобалар. Осынау ауқымды шарада энергия көздерінің жаңа, заманауи, экологиялық тұрғыдан алғанда таза әрі қолдану құны арзан жобалары таныстырылып жатқан жайы бар.


Бұл ретте "Қазақстанның Болашақ энергиясы" байқауының қатысушылары да барынша дайындалғаны көрініп тұр. Баланың көзімен қарағандағы Қазақстан қандай? Байқау қатысушылары осы жағына назар аударып, еліміздің табиғаты, тау-тасы, қалалары мен ауылдарын сурет өнері арқылы жеткізген екен.




Бұл көрмеде 12 мен 16 жас аралығындағы қатысушылардың 100-ден аса жұмыстары таныстырылды. Балалардың барлығы талантты. Олар еліміздегі сурет өнері мен шығармашылық қабілетті дамытатын мектептерде білім алады. Ал байқауға ұсынылған жұмыстарды Суретшілер одағының мүшелері, өнер қайраткерлері, Қазақстанның еңбек сіңірген суретшілері бағалады.



Сонымен қатар байқау аясында сурет өнері, қолөнерге қатысты тәжірибе жинауға мүмкіндік беретін шеберлік сабақтары да өтеді. Артынша байқау қатысушылары Тұңғыш Президент атындағы кітапхана мен Ұлттық мұражайды аралауға мүмкіндік алады.


Байқауға барлығы 250 жұмыс келіп түскен екен. Осы ретте жеңімпаздарды да атай кеткенді жөн көрдік.


12-14 жас аралығындағы балалар арасында бас жүлдені Диана Өтетілеуова (Ақтөбе қаласы) алды. Ал 15-16 жас аралығындағы жеткіншіктер арасында астаналық Алина Утаева топ жарды.




Рекомендовать
Последние новости