Жетісудың үздік дәрігерлеріне автокөлік берілді

Dalanews 15 июн. 2017 15:20 894

Алматы облысының үздік дәрігерлеріне «Лада Гранта» автокөлігінің кілті табысталды. Бұл туралы бүгін Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Медицина қызметкерлері күніне орай өткен салтанатты шарада белгілі болды. Денсаулық сақтау саласының мамандарын облыс әкімі Амандық Баталов құттықтады.

Құттықтау тілегін білдірген облыс басшысы денсаулық сақтау саласына мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп отырғанын атап өтті.

– Адам жанының арашасы болып табылатын дәрігерлердің қоғамдағы орны ерекше. Халықтың денсаулығын жақсартатын ақ халатты абзал жандарға елімізде ерекше құрмет көрсетіледі. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлт денсаулығы – біздің жарқын болашағымыздың негізі» деген сөздері сіздердің мамандықтарыңыздың бар болмысын айқындап тұр. Денсаулық сақтау саласы – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Сондықтан біздің облысымызда бұл  салаға бөлінетін қаржы жылдан жылға артып келеді. Соның арқасында біздің медициналық мекемелеріміз ең озық үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталып, емдеудің тиімді тәсілдері қолданылып келеді, – деді облыс басшысы. Сөзін одан әрі сабақтаған А. Баталов:

– Қажырлы қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін. Саламатты ұлт қалыптастыру жолындағы  еңбектеріңіз жанып, халықтың ыстық ықыласына бөлене беріңіздер! – деді ізгі тілегін жеткізіп.

Облыстық конкурстың қорытындысына сәйкес жеңімпаздар 8 номинация бойынша марапатталды. Мәселен, Іле аудандық ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі Айдын Елікбаев үздік дәрігер атанса, Еркін дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Әскербек Оралбаев үздік ауыл дәрігері атанды. Екі маман да облыс әкімінің қолынан «Лада Гранта» автокөлігінің кілтін алды. Сонымен қатар «Үздік дәрігерлік амбулатория», «Үздік ауылдық аурухана», «Үздік аудандық орталық аурухана», «Үздік облыстық медициналық мекеме», «Үздік техникалық кәсіби білімі бар медициналық қызметкер», «Үздік менеджер» аталымдары жеңімпаздарының есімдері де белгілі болды. Жүлдегерлерге 100 мыңнан 500 мың теңгеге дейінгі ақшалай сыйлықтар берілді.

Сонымен қатар Амандық Баталов үздік қызметкерлерге ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің наградаларын, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен алғыс хаттарын табыстады.

Атап айтқанда, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен Талдықорған аймақтық инфекциялық ауруханасының бөлім меңгерушісі Анжелина Ким мен Қарасай аудандық орталық ауруханасының рентгенолог дәрігері Эдик Санчиров марапатталды.

Медицина қызметкерлері атынан денсаулық сақтау саласының ардагері Кенжебек Өмірғали мен Талдықорған қалалық емханасының терапевт дәрігері Дана Алтынбаева әріптестеріне ізгі тілегін айтып, мамандарға көрсетіліп отырған қолдаулар үшін ризашылығын білдірді.

Салтанатты шара «Кәсібіңе басымды ием» атты мерекелік концертпен жалғасты.

Осы күні І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының кіре берісінде Алматы облысында мемлекеттік – жекеменшік әріптестік негізінде  денсаулық сақтау саласында қолға алынған жобаларды көрсететін көрме ұйымдастырылды.

Облыс әкімі мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің Мемлекет басшысының берген негізгі тапсырмаларының бірі екендігін атап өтті.

– Біздің өңірімізде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жақсы қарқынмен жүзеге асуда. Қазір біз қос тарапқа да тиімді бұндай әріптестік қатынасты денсаулық саласында да пайдалана бастадық. Өздеріңіз осы ғимараттың кәре берісінде қойылған көрмеден көрген жобаларыңыз жемісті ынтымақтастық қатынастардың тек бастамасы ғана. Олардың орындалуы халықтың денсаулық қорғау мен нығайту жолында тигізер септігінің зор болатындығына сенімдімін, – деді А.Баталов.

Көрмеге қатысушылардың мамандандырылған арнайы құрылғылар мен зерттеу әдістерінің заманауи үлгісін біріктіре таныстырған жобалары онкологиялық ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік беретіндігін ескерте кеткен жөн.

Сондай-ақ6 шара барысында көпшілік назарына өңірдің денсаулық сақтау саласында қол жеткізген жетістіктерін көрсететін бейнеролик ұсынылды.



 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости