Мамыр айында халықаралық ақша аударымдары жүйесі (ХААЖ) арқылы Қазақстаннан 65,9 млрд теңге сыртқа кеткен. Бұл - елімізге келген ақша көлемінен 3,5 есе көп көлем, деп хабарлайды Dalanews.kz.
ҚР Ұлттық банк мәліметінше, мамыр айында ел тұрғындары шетелге 65,9 млрд теңге жіберген. Көбінесе, қаражат мына елдерге аударылған: Өзбекстанға - 25,7 млрд теңге; Ресейге - 17,9 млрд теңге; Түркияға - 10,6 млрд теңге. Сондай-ақ, ақша аударымдары Грузияға, Қырғызстанға, Қытайға және басқа да алыс-жақын шетелдерге жіберілді.
Қазақстаннан ХААЖ арқылы жасалған ақша аударымдары (2025 жылдың мамыры) | ||
Мемлекеттер | Сомасы | Үлесі |
Өзбекстан | 25,7 млрд теңге | 39,0% |
Ресей | 17,9 млрд теңге | 27,2% |
Түркия | 10,6 млрд теңге | 16,1% |
Грузия | 3,3 млрд теңге | 5,0% |
Қырғызстан | 2,0 млрд теңге | 3,1% |
Қытай | 14,3 млрд теңге | 2,2% |
Әзірбайжан | 1,2 млрд теңге | 1,9% |
Армения | 815 млн теңге | 1,2% |
Тәжікстан | 549 млн теңге | 0,8% |
Оңтүстік Корея | 492,6 млн теңге | 0,7% |
Басқалары | 1,8 млрд теңге | 2,8% |
Барлығы | 65,9 млрд теңге |
ҚР Ұлттық Банкінің деректерінен алынды
Бірақ Қазақстанға шетелден келіп түскен қаражат бұдан 3,5 есе аз: барлығы 19,1 млрд теңге. Бұл ретте ақша аударымдары бойынша Ресей көшбасшы: 4,6 млрд теңге. Бір қызығы, Ұлыбританиядан да елімізге ақша белсенді түрде ағылған: 3,6 млрд теңге. Ал Өзбекстан үшінші орында тұр: шамамен 2 млрд теңге. Сондай-ақ,елімізге ақша АҚШ, Түркия, Оңтүстік Корея, Германия және тағы басқа елдерден де келіп жеткен.
ХААЖ арқылы Қазақстанға жасалған ақша аударымдары (2025 жылдың мамыры) | ||
Мемлекеттер | Сомасы | Үлесі |
Ресей | 4,6 млрд теңге | 24,20% |
Ұлыбритания | 3,6 млрд теңге | 18,80% |
Өзбекстан | 2 млрд теңге | 10,40% |
АҚШ | 1,8 млрд теңге | 9,60% |
Түркия | 1,5 млрд теңге | 8,20% |
Оңтүстік Корея | 1,1 млрд теңге | 5,70% |
Германия | 982,3 млн теңге | 5,20% |
Қырғызстан | 732,1 млн теңге | 3,80% |
Грузия | 490,6 млн теңге | 2,60% |
Әзірбайжан | 291 млн теңге | 1,50% |
Басқалары | 1,9 млрд теңге | 10% |
Барлығы | 19,1 млрд теңге |
ҚР Ұлттық Банкінің деректерінен алынды
Сыртқа кеткен қаражаттың көп бөлігі АҚШ доллары түрінде болған: 57,2%. Теңге бар соманың тек 32,7%, ал рубль 9,9%, евро 0,3%-ын құрады.
Қазақстандықтар ақшаны көбінесе долларлай алған: 57,3%. Теңгелейі 19,7%, ал рубльдейі 15,5%, евролайы 7,5%-ы қамтыды. Осылайша, Қазақстан ақшаны алушы емес, жөнелтуші ел болып табылуда. Соған қарағанда елімізде табыс тауып, үйіне ақша жіберетін шетелдіктер шетелде жұмыс істеп, туыстарына ақша жіберетін қазақстандықтарға қарағанда әлдеқайда көп болуы мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін де елімізге келген ақша шетелге кеткеннен әлдеқайда аз болған. Мысалы, 2024 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында елден 411,4 млрд теңге шығарылса, ал осы уақыт аралығында 310,4 млрд теңге ғана елімізге келіп түскен.