Конституция – құқықтық мемлекеттің іргетасы: 30 жылдық эволюция мен жаңғыру

Dalanews 09 окт. 2025 14:46

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті  мен Конституциялық Сот бірлесіп Конституцияның 30 жылдығына арналған дөңгелек үстел өткізді. «Қазақстан Республикасының Конституциясы: 30 жылдық құқықтық эволюциясы және институционалдық трансформациялары» тақырыбында өткен шараға Жетісу облысының әкімдігі, облыстық сот, прокуратура, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың, сондай-ақ заңгерлер қауымдастығы, «AMANAT» партиясы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және азаматтық қоғам институттарының өкілдері мен Жетісу университетінің ғалымдары қатысты. Жиынды университет ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Бөрібаев жүргізді. 

«Маңызды бас қосудың мақсаты – Қазақстан Республикасы Конституциясының құқықтық мемлекетті қалыптастыру мен дамытудағы, құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы тарихи рөлі мен қазіргі маңызын талқылау. Сын-қатерлер мен қоғамның қарқынды өзгеруі жағдайында конституциялық сот төрелігін жаңғыртудың жолдарын қарастыру»-деді ректор. Дөңгелек үстелде ҚР Конституциялық Сотының судьясы, заң ғылымдарының докторы, профессор Роман Подопригора баяндама жасады. Ол Конституциялық соттың жұмыс істеу механизміне, оның басты ерекшелігі мен  мақсат-міндеттеріне тоқталды.  

ҚР Конституциялық сотының талдаушысы Дәурен Шәріпбаев Конституциялық Сотының қорытынды шешімдерін іске асыру мәселелеріне тоқталды. Жетісу облысының прокуроры, аға әділет кеңесшісі Бауыржан Жұмаханов, Қаржылық мониторинг агенттігінің экономикалық тергеп-тексеру қызметінің полковнигі Нұржан Нұрғабылов азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша мазмұнды баяндама оқыды. Конституциялық құқықты қорғауда полиция қызметінің рөлі туралы полиция полковнигі, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бірінші бөлімінің бастығы Балғын Қариева жан-жақты айтып берді. Сондай-ақ дөңгелек үстелге қатысқан өзге де күштік құрылымдар саласының мамандары Конституциялық сот төрелігін жетілдіру жолдарын, мемлекеттік басқарудағы институционалдық реформалардың нәтижелері, құқықтық мәдениетті арттыру және құқық үстемдігін қамтамасыз ету жолдарын талқылады.

Шара қорытындысында  құқықтық мемлекет пен демократиялық қағидаттарды нығайту бойынша бірқатар ұсыныстар айтылды.  Ұсыныстар еліміздегі Конституциялық реформаларды одан әрі жетілдіруге және құқықтық жүйені дамытуға негіз болады.

 

 


Рекомендовать
Последние новости