Астана қалалық апелляциялық соты әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
18–21 тамыз күндері блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова автокөлік ұтыс ойынын жариялаған болатын. Алайда тікелей эфирдің орнына пайдаланушылар 30 мың теңге төлеу арқылы ғана қатысуға болатын ақылы оқу курсының сілтемесін алған. Ұтысқа қатысу тек курсты сатып алғаннан кейін мүмкін болған. Бұл жағдай қоғамда сын тудырып, мемлекеттік органдарға шағымдар түскен.
Мәдениет және спорт министрлігі заң бойынша ұтыс ойындарын тек ресми ұйымдастырушылар мен лотерея агенттері ғана өткізе алатынын еске салды.
2025 жылғы 15 қыркүйекте Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты істер Экономикалық тергеулер департаментіне жолданды. Сот олардың әрекеттерінен қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін байқаған.
Сот отырысынан кейін блогерлердің адвокаты Олег Чернов қабылданған шешімге шағым түсіретінін мәлімдеді.