«Достық 36 мекенжайында жаңа мейрамхана ашылып жатыр. Атауы Lenina 36. Бұл – сәтсіз атау, деп есептеймін. Біреу бұл даңғылдан Лениннің баяғыда-ақ “көшіп кеткенін” білмейтін сияқты», - деп жазды Threads қолданушысы erdentakenov.
Алматыдағы Ленин 36 мейрамханасы желідегі даудан кейін атауын өзгертетін болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы мейрамхана өкілдері хабарлады.
"Соңғы күндері біздің тарапымызға көптеген кері байланыстар келіп түсті. Сол пікірлердің арасында қолдау, қызығушылық және сын айтқан оқырмандар да болды.Бізге қолдау көрсеткен барша оқырмандарға шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Біздің тарапымыздан кеткен барлық қателіктер үшін шын жүректен кешірім сұраймыз. Еліміздің мәдениеті мен тарихы біз үшін әрқашанда үлкен орын алады және сый құрметпен қараймыз. Бұл жобаны құрастырғанда ешкімге зиян келтіру ойымызда болған емес. Біздің басты мақсатымыз -ескі Алматының сәулеттік және мәдени бейнесімен байланысты болған.
Жобаның барлық құндылықтарын сақтап қалу үшін, сіздердің пікірлеріңізді тыңдай отырып, жобаның атын өзгертуді шештік. Жақын арада біздің жобаның жаңа атауымен бөлісетін боламыз. Бізбен бірге болғаныңыз үшін рахмет", - делінген жазбада.
Еске салайық, Threads әлеуметтік желісінде мейрамхана атауына қатысты дау туған болатын.