Қостанайда студенттер мен жас мамандарға арналған заманауи Allur Campus тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталуға жақын

Қаракөз Амантай 17 июл. 2025 14:58

Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Қостанай облысына жұмыс сапары барысында бизнестің әлеуметтік бастамаларымен танысып, соның ішінде қазақстандық Allur автомобиль компаниясы салып жатқан Allur Campus жобасын көріп қайтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.


Жалпы ауданы 13,5 мың шаршы метрден асатын тоғыз қабатты кірпіш ғимаратта 300 адамға жағдай жасалған. Ішінде 71 отбасылық бөлме, 60 студенттік бөлме және 20 қонаққа арналған уақытша тұру орны қарастырылған. Барлық тұрғын блоктар жеке ас үймен, жуынатын бөлмемен және демалыс орындарымен жабдықталған. Бұған қоса, кампуста медициналық пункт, кітапхана, компьютерлік сынып, жаттығу залы мен кір жуатын бөлмелер қызмет көрсетеді.

Нысанның құрылысы 2023 жылы басталып, биыл тамыз айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бүгінге дейін жобаға тартылған инвестиция көлемі 2,1 млрд теңгеден асқан. Жоба толығымен Allur компаниясының өз қаржысына жүзеге асырылып жатыр.


Allur Campus – өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымның маңызды бөлігі. Жоба жастарға сапалы өмір сүруге, білім алып, кәсіби тұрғыда дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Сондай-ақ, бұл кешен Қостанайдағы автокомпоненттер мен техника өндірісі шоғырланған өнеркәсіптік кластердің ажырамас бөлігіне айналмақ. Осылайша, жас мамандар үшін жұмыс орнымен қатар, өмір сүруге қолайлы орта қалыптасады.

“Мұндай жобалар индустриалды нысандардың айналасында қалыптасатын жаңа өмір үлгісіне жол ашатын қуатты әлеуметтік импульс. Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылының аясында бұл бастамалардың маңызы ерекше. Білікті әрі ынталы кадрларсыз бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Осы кешен сияқты жобалар жас мамандардың кәсіби еңбек жолын таңдауына ықпал ететін лайықты, заманауи әрі тартымды орта қалыптастырады”, – деп атап өтті вице-премьер Ермек Көшербаев.


Жобаның ауқымы алдағы уақытта кеңейе түспек. Екінші кезеңде 260 орындық балабақша мен футбол және баскетбол алаңдары, жүгіру жолдары, воркаут алаңдары, үстел теннисіне арналған орындар қамтылған спорт кешенін салу жоспарланып отыр.

Осындай ірі әлеуметтік бастамалар аймақтарды дамытудың жаңа үлгісін көрсетеді. Бұл ірі бизнестің өндірістік қуаттарды ғана емес, сонымен бірге қызметкерлері мен болашақ мамандардың тұрмыс сапасын жақсартуға инвестиция салатындығының нақты көрінісі.


Рекомендовать
Последние новости