Павлодар облысының Тереңкөл ауданында прокуратураның үйлестіруімен және ҰҚК департаменті қызметкерлерінің қатысуымен "скорость" түріндегі синтетикалық есірткіні жеткізу арнасы тоқтатылды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Тереңкөл ауданы прокуратурасының үйлестіруімен ҰҚКД қызметкерлері аудан аумағына синтетикалық есірткі заттарын жеткізу арнасын әшкереледі. Жедел іс-шаралар барысында есірткі заттарын сақтады деген күдікпен Тереңкөл ауылының тұрғыны сот санкциясымен қамауға алынды", – делінген хабарламада.
Тергеу мәліметінше, есірткі сату интернет арқылы жүзеге асырылып отырған. Бұл қылмыс аудан аумағында әрекет ететін ірі есірткі дүкенінің мүддесіне жұмыс істеген.
Нәтижесінде таратуға дайын 50 доза есірткі заты тәркіленді.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 297-бабының 3-бөлігі (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.