2025 жылы қымбат көлік алғандарға жаңа талап қойылды

Қаракөз Амантай 16 июл. 2025 13:11

2025 жылдан бастап құны 20 000 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асатын көліктер міндетті түрде мемлекетке декларация арқылы көрсетілуі тиіс. Жаңа талап Қазақстанда немесе шетелде сатып алынған қымбат көліктерге бірдей қолданылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Kolesa.kz таратқан ақпаратқа сүйенсек, аталған талап 15 шілдеде Мемлекет басшысы қол қойған Салық кодексіне енгізілген өзгерістер негізінде күшіне енген.

“Енді Қазақстан Республикасының азаматтары мен елімізде тұрақты тұратын жеке тұлғалар есептік салық кезеңінде құны 20 000 АЕК-тен (бүгінгі бағаммен шамамен 78 640 000 теңге немесе 148,6 мың АҚШ доллары) асатын мүлік сатып алса, соның ішінде мемлекеттік тіркеуге жататын механикалық көлік құралдары мен тіркемелерді, міндетті түрде декларациялауы тиіс”, — делінген хабарламада.

Бұл норма 2025 жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді және кері күшпен қолданылады. Яғни, 2025 жылдың басынан бері осындай сомаға көлік алған азаматтар декларация тапсыруға міндетті болады.

“Декларацияны табыстар мен мүлік туралы жыл сайын тұрақты тіркелген немесе тұрып жатқан мекенжайы бойынша тапсыру қажет. Мысалы, 2025 жылы сатып алынған көлік үшін декларация 2026 жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірілмей тапсырылуы тиіс”, — деп толықтырды дереккөз.

Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстанда жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр. Оның жобасында ескі көліктерге салықтық жеңілдіктер қарастырылса, құны 75 миллион теңгеден асатынқымбат көліктерге қосымша акциз енгізу ұсынылған. Алайда бұл құжат әлі талқылану сатысында.


Рекомендовать
Последние новости