Қазақстандықтарға 3,3 миллиард теңгеден астам жалақы төленбеген - министрлік жауап берді

Қаракөз Амантай 07 авг. 2024 14:23 1486

Еңбек министрлігі отандық кәсіпорындардың қазақстандықтарға жалақы бойынша 3,3 миллиард теңге берешегі барын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 259 кәсіпорны 14,9 мың жұмыскерге 3,3 миллиард теңгеден астам сомаға жалақы төлемегенін анықтады. Жалақы бойынша берешегі бар кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 222 ұйғарым беріліп, 34,6 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.

Сонымен қатар түрлі ұйымдарда жүргізілген тексерулер барысында 5,6 мыңға жуық еңбек құқығының бұзылғаны белгілі болды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 13,2 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалып, оларға 2,6 миллиард теңге төленді.

“2024 жылғы 1 тамыздағы деректер бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 4 245 тексеру жүргізді, оның барысында 6 772 бұзушылық анықталды, оның ішінде: еңбек саласында – 5 007; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 1 703; халықты жұмыспен қамту бойынша – 62. Жұмыс берушілерге 2 552 ұйғарым беріліп, 321,9 миллион теңге сомасына 2 931 әкімшілік айыппұл салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 23 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды”, – делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мәселелері ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ерекше бақылауында.


Рекомендовать
Последние новости