Ресей Украинаға басып кіріп, соғыс басталғалы көрші елдің әртістері біздің елге «үйір» болды. Олай дейтініміз, бұрын Қазақстанға жеке концертпен көп келмейтін ресейлік әртістер біздің елде кеш ұйымдастыруды әдетке айналдыра бастады. Бірақ қазақстандықтар әуел бастан олардың концертін өткізбей тастады. Дегенмен әлі күнге дейін соғысты қолдайтын Z-әртістер «үмітсіз шайтан» деп біздің елде концерт өткізіп көруге талпынып жүр. Бірақ олары да нәтижесіз. Dalanews.kz тілшісі Қазақстанда «отмена» болған ресейлік әртістердің концертіне шолу жасады.
Әлеуметтік желіде екі күн бұрын ресейлік әртіс Тиматидің концерті Астанадағы Барыс Аренада және Алматыда өтетіні туралы белгілі болды. Анонс шыққан күні-ақ қазақстандықтар Threads желісінде белсенді болып, әншінің концертіне қарсы шықты.

Артынша қазақстандықтар Тиматидің концерті өтпейтін болды деп жарыса жаза бастады. Алайда билет сататын сайттың өкілдері бұл ақпаратты әлі растамады. Тіпті материал жазылған уақытта сайтта билеттер әлі қолжетімді.

Тиматидің концерті өтпейді деп "өкпелеген" қазақстандықтар да бар.

Бір қызығы концертті ұйымдастырушы Алексей Пучков қазақстандықтарға тіл тигізіп үлгерген.
Айта кетейік, Тиматидің концерті Қырғызстанда да өтеді деген ақпарат тарады. Алайда Бішкек тұрғындары да ресейлік әртістің елге келуіне қарсы шығып жатыр.

Еске салайық, 2022 жылдың 18 наурызында, Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басталғаннан кейін шамамен бір ай өткен соң, Тимати Мәскеудегі «Лужники» спорт кешенінде Қырым аннексиясының жылдығына арналған митинг-концертте өнер көрсетті. Шараның атауы: «ZА нацизмсіз әлем!», «ZА Ресейді!», «ZА Президентті!» болған еді.
Фото: Максим Блинов/РИА «Новости»
Айта кетейік, бұл Ресей әртістерінің Қазақстанда концерт өткізуіне алғаш рет тыйым салынуы емес. Бұған дейін тағы бір Z-әртіс Полина Гагаринаның концерті 27 қарашада Астанадағы Конгресс-орталығында өтеді деп жоспарланған. Алайда әлеуметтік желілерде бұл шараны тоқтатуға шақырған үндеулер белсенді түрде тарады. Қарсы тараптың негізгі уәжі – әншінің Ресейдегі үгіт-насихаттық акцияларға қатысуы және соғыстық агрессияны ашық қолдауы.
2023 жылы Алматыда өтуі тиіс болған оның концерті де халық наразылығынан кейін өтпей қалған еді. Сол кезде билеттер сатылымнан алынып, афишалар алынып, ал ұйымдастырушылар түсініктеме беруден бас тартқан болатын.