Астанадағы форум әлемдік діндердің рухани ынтымақтастығын нығайтады - Цзин Бо

Ақтоты Жапатова 16 сент. 2025 15:59

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі қарсаңында Қытай Буддистік ассоциациясы төрағасының орынбасары Цзин Бо Қазақстанның өркениеттер арасындағы диалог пен мәдениеттер тоғысындағы ерекше рөліне тоқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Цзин Боның айтуынша, Қазақстан бүгінде тек тарихи сауда жолдарының қиылысы ғана емес, сондай-ақ «домбыра, гитара мен арфа» үндесіп, мәдени бірліктің символдық симфониясын жасайтын кеңістікке айналды. Ол «Бір белдеу – бір жол» бастамасы мен 2025 жылы өткен «Жібек жолын оқу – Орталық Азиямен танысу» атты халықаралық акцияны ерекше атап өтіп, бұл жобалар Қазақстанның мәдени және рухани алмасу платформасы ретіндегі рөлін күшейтетінін айтты.

«Бұл оқиғалар өркениеттердің өзара байытылуының жаңа бетін ашып, өзара құрмет пен ашықтық рухын көрсетті. Бұл форумның тақырыбымен толық үйлеседі», – деді ол.

Өз сөзінде Цзин Бо әртүрлі діндердің рухани дәстүрлерін салыстырды. Ол буддизмдегі барлық құбылыстардың өзара тәуелділігі, христиандықтағы жақыныңды сүю, исламдағы төзімділік пен мейірімділік, даосизмдегі табиғи жолға берік болу қағидаларының барлығы дінаралық диалогтың берік негізін құрайтынын атап өтті.

Сонымен қатар, ол діни конфессиялар лидерлерін ынтымақтастықты тереңдетуге, жастар тәрбиесі, отбасылық және моральдық құндылықтарды нығайтуға, рухани даналықпен бөлісуге және мәдени жобаларды бірге жүзеге асыруға шақырды. Әсіресе климаттың өзгеруі, аштық пен қақтығыстар сияқты жаһандық сын-қатерлерге бірлескен жауап беру қажет екенін айтты.

«Діни қауымдастық тек сөзбен шектелмей, іс жүзінде әрекет етуі тиіс. Жақсы ойларды нақты істерге айналдырып, бос әңгімелерді тоқтатып, рухани энергияны бейбітшілікке бағыттауымыз керек», – деді ол.

Цзин Бо сөзін съезд жұмысына сәттілік тілеп аяқтады және Қытай Буддистік ассоциациясының әлемдік діндермен бірге алға қадам басуға дайын екенін жеткізді:

«Ынтымақты қайық етіп, сенімді желкен, ал әрекетті ескек етсек – бейбіт әрі бақытты болашаққа жете аламыз».


Рекомендовать
Последние новости